2017 жылы ШҚО-да өңірдегі білім беру жоспарының бірінші кезеңі бойынша тіл меңгеруде үздік нәтижеге жеткен 12 мұғалімге 170-800 мың теңге көлемінде сыйақы берілді. Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Аxметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслиxатында мәлімдеді, - деп xабарлайды Baq.kz.
«Жолдауда дамудың шешуші басымдықтарының бірі ретінде адами капиталдың сапасын жақсарту көрсетілген. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев білім беру саласының жаңа экономикалық өсудің орталығына айналу мақсатын қойды. Бұл бағытта инфрақұлымды дамыту мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі бойынша жаңартылған мазмұнға көшуге басты назар аударылмақ», - деді Даниал Аxметов.
Облыс әкімі өңірде үш тілді білім беруді енгізу бойынша ірі жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Облыста үш тілді білім беруді енгізу бойынша 2015-2019 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданып, соңғы екі жылда жергілікті бюджеттен 1,7 млрд. теңге қаржы бөлінген.
«Ең алдымен, қаражат жаңа оқулықтарды әзірлеуге және сатып алуға жұмсалды. Орыс мектептеріндегі қазақ тілі оқулығын қазақстандық профессор Фаусия Оразбаеваның авторлығымен, қазақ мектептеріндегі орыс тілі оқулығы ресейлік профессор Елизавета Хамраеваның, ағылшын тілі – Кембридж әдістемесімен әзірленді», - деді Даниал Аxметов.
Облыста әр түрлі пәндер бойынша мұғалімдерінің тіл меңгеру деңгейін көтеру бағытында бірнеше жұмыстар атқарылып жатыр. ШҚО-да 2016 жылы 3500, биыл 2500 мұғалімдер арнайы тіл курстарынан өткен.
«Жоспардың бірінші кезеңі бойынша үздік нәтиже көрсеткен мұғалімдерді материалдық жағынан дифференциалды ынталандыру жүйесі қарастырылған. Ол оқушылардың білім көрсеткішіне қарай жүзеге асады. Биыл арнайы тіл курстарынан өткен 12 мұғалімге 170-800 мың теңге көлемінде сыйақы берілді», - деп мәлімдеді ШҚО әкімі Даниал Аxметов.
Фото: baq.kz