Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстағы филиалында 36 мыңнан астам қате жеке шот тіркелген. Кейбір салымшының атына бірнеше жеке шоттың ашылғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Аltaynews.kz.
Бұл жайында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалында өткен брифингте директордың орынбасары Қарлығаш Байділдаева мәлімдеді.
1998-1999 жылдары зейнетақы қорының төлемдері ешқандай әлеуметтік жеке кодсыз (СИК), салымшының аты-жөні мен туған жылы бойынша аударыла бергені оқырмандардың есінде шығар. Жұмыс орнындағы кез келген бухгалтер тұтынушының аты-жөнінде қате жіберуі мүмкін. Жеке кәсіпкерлер жарналарды банктер арқылы аударғаны белгілі. Ол жерде отырғандар да құжаттың түпнұсқасы болмағандықтан, жеке мәліметтерде қате жіберген.
-Соның салдарынан, бір адамның атында бір дұрыс, бірнеше қате, тіпті бес жеке шотқа дейін жүргенін біз енді анықтап отырмыз. Қазақстан бойынша 338 мың қате жеке шот болса, облыста 36 мыңнан астам осындай жаңсақ жеке шот тіркелген. Бұл шалағайлықтар адами факторлардың кесірінен орын алған. Біз бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргіздік. Көптеген қате жеке шоттарды анықтап, бір салымшыға тиістілерін біріктіріп, қалғандарын жауып тастадық. Бірақ әлі де түсініксіз жеке шоттар бар. Сол себепті әр салымшы бұл іске жауапкершілікпен қарап, қордағы мәліметтерін мұқият тексеріп отырса,- деген өтінішін жеткізді директордың орынбасары.