Омыртқасын емдеткісі келген Семейдің екі тұрғыны мүгедек болып қалды

Семей қаласының екі тұрғыны дәрігер Бубновскийдің орталығына барып, денсаулығын нашарлатып алған екен.

Бүгінде Қазақстан, Ресей және Украина мемелекеттеріндегі қалаларда дәрігер Бубновский орталығының желілері қызмет жасап келеді, деп хабарлайды Stan.kz Экспресс К-ға сілтеме жасап.

Ал ғаламторға бас сұқсаңыз, аталған орталық туралы жарнамалардан көз сүрінеді. Онда орталықтағы мамандардың буын, омыртқа ауруларын дәрі-дәрмек пен отаның көмегінсіз емдейтіні жазылған.

Семей қаласының екі тұрғыны дәрігер Бубновскийдің орталығына барып, денсаулығын нашарлатып алған екен. Бірнеше ай бұрын зейнеткер Людмила Аладина орталықта емдік курс алмақ болыпты. Оның бір омыртқасы орнынан тайып кеткен екен. Алайда зейнеткер емдік курстың бірінші күнінде-ақ «жедел жәрдем» шақыруға мәжбүр болыпты. Салдарынан ол қаладағы аурухананың нейрохирургия бөліміне түскен. Анықталғандай, зейнеткердің үш омыртқасы да зақымданған екен. Ауруханада Людмила Сергеевнаға ота жасалған. Мұнан кейін ол 2-топтағы мүгедек болып қалыпты. Ендігі зейнеткер күтім мен өзгелердің көмегіне мұқтаж.

Семей қаласының тұрғыны Жұмажан Қаріпбаев та дәрігер Бубновскийдің орталығына барғанға дейін белсенді өмір сүріпті. Ол арқасының ауруын емдеу үшін аталған орталықтың көмегіне жүгінген екен. Ер адам орталықтың бір айлық абонементін алған. Алайда емдік курстың бірінші күнінен соң арқасы қатты ауыра бастапты. Ал ертесі күні ауруханаға түскен. Қазіргі уақытта Қаріпбаев отадан кейінгі оңалту курсынын өтіп жүр. Ер адам балдақтың көмегімен әрең жүретін болған.

Ольга Петровская

Бұл оқиғаларды «Ұрпақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ольга Петровская айтып берді. Әділет іздеген зардап шеккен тұрғындар бірлестік төрағасына келіп, мұңын шаққан. Бірлестік төрағасы тұрғындардың шағымын ШҚО денсаулық сақтау басқармасына жіберіпті. Алайда дәрігер Бубновскийдің орталығы медициналық мекеме болып саналмайтындықтан, мемлекеттік орган орталық жұмысына араласа алмайтын болып шықты.

«Адамдарды мүгедек етіп, мойнына ешқандай жауапкершілік алмайтын мұндай орталықтарды қызмет нарығына шығарған кім?» – деп сұрақ қойды Петровская Семей бірлестігі кеңесінің отырысында.

Ендігі бұл сұрақтың жауабын облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті беретін болады. Бірлестік төрағасы тұрғындардың шағымы жазылған хатты аталған департаментке жолдаған екен.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: