Қарағандыда 3 жастағы бүлдіршінді пышақтап өлтірген ауыл тұрғынына қатысты сот үкімі шықты. 39 жастағы Виталий Таговский немересін асқан қатыгездікпен өлтіргені үшін 19 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Baq.kz.
Естеріңізге салайық, Қарағанды облысы Шет ауданы Ағадыр кентінде атасы ұйқы бермеген немересінің бірнеше жерінен пышақ салып, салдарынан 3 жастағы бүлдіршін қайтыс болған еді.
Қарағандылықтардың жағасын ұстатқан жантүршігерлік оқиға үстіміздегі жылдың қазан айының алғашқы күндерінде болған еді. Қылмыстық іс Шет ауданының сотында Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бекзат Шалғымбаевтың төрағалығымен жүріп жатыр.
«Сот 1978 жылы туған сотталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 99 бабы 2 тармағының 3, 5, 14 бөлімдеріне сәйкес айыпты деп таныды. Яғни, «Дәрменсіз халдегі кәмелеттік жасқа толмаған тұлғаны айрықша қаталдықпен өлтіру» бабы бойынша сот айыпталушыны 19 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Сотталушы жазасын қатал режимдегі қылмыстық-түзеу мекемесінде өтейтін болады», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз хатшысы Гүлбаршын Житикова.
Сондай-ақ, сот сотталушыны жазасын өтеу жерінде маскүнемдіктен ықтиярсыз емдеуге қаулы шығарды. Сонымен қатар, сараптама жасау үшін жұмсалған екі миллион теңгеден астам қаржыны айыпталушы төлейтін болды.