Тәуелсіздікке тарту: Созақта жаңа 6 нысан ел игілігіне берілді

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудандағы Шолаққорған, Тасты, Құмкент ауылдарында спорт алаңшалары ел игілігіне берілді.

Оңтүстік қазақстан облысы, Созақ ауданында ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығы мерекесіне орай, жаңа 6 нысан ашылды. Жаңа нысандар – жақсы нышандар екенін алға қойған жергілікті билік теріскейлік тұрғындарға егемендік күніне тарту есебінде нысандарды ел игіліне пайдалануға берді. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мереке аясында аудан орталығы Шолаққорған ауылында тәуелсіздік саябағы салтанатты түрде ашылды. Екі гектардан астам жерді алып жатқан саябақта Тәуелсіздікті айшықтайтын монумент пен 30 метрлік тұғырда көк байрақ ортанытылған. Мұнда отбасылық серуен жолы, су бұрқақтар мен жол айрықтар салынған. Саябақтың құрылыс жұмыстарын жүргізген «Аммар Проект» ЖШС-гі құрылыс жұмыстарын жаз айында бастап, қарашада толық аяқтады.

Демалыс орнының ашылуына қатысқан аудан әкімі Салыхан Полатов барша тұрғындарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, ауданға көрік беретін саябақ созақтықтар мен қонақтар үшін саялы мекен болатынын атап өтті.

Сондай-ақ, мерекеге орай ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында екі бірдей балабақша пайдалануға берілді. Шолаққорған ауылындағы жалпы алаңы 254 шаршы метрді құрайтын «Асыл-Ай» бөбекжай-балабақшасы 75 балаға шақталған. Ал, Созақ ауылдық округіндегі қос қабатты «Айдын» балабақшасы 100 орындық. Мұнда балалар үшін барлық жағдай жасалған. Мекемеде медициналық кабинет, төрт ойын, төрт жатын бөлмесі мен акт залы бар. Балалар тамақтанатын асхана блогы мен шаруашылық бөлмесі жеке орналасқан.

Бүгінде ауданда жалпы 43 мектепке дейінгі білім беретін ұйым жұмыс істейді. Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасының орындалуы 85 пайызды құрап отыр.

Осы күні, бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудандағы Шолаққорған, Тасты, Құмкент ауылдарында спорт алаңшалары ел игілігіне берілді. Жаңадан ашылған спорт нысандар уран өндіретін «Инкай» ЖШС-нің демеушілігімен салынды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: