«Шығысэнерготрейд» компаниясы 4 қаңтардан бастап Шығыс Қазақстанда электр энергиясының бағасын қымбаттатты, деп хабарлайды Аltaynews.kz.
Бұған дейін жазылғандай электр энергиясымен қамтамасыз етуші кәсіпорын облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне өткен жылдың соңында энергия тарифін 8,5 пайызға артыру туралы өтінім түсірген болатын.
Осы өтінім негізінде электр энергиясының бағасы 2018 жылдың қаңтарынан бастап барлық санаттағы тұтынушылар үшін 5,9 пайызға өсті.
Электр энергиясының бағасы тұрмыстық тұтынушылар үшін бірнеше санатқа бөлініп, бірнеше деңгейде белгіленген. Жаңа тариф бойынша жан басына шаққанда 85 (газ плитасын пайдаланатын тұрғындар) және 90 (электр плитасын пайдаланатын тұрғындар) кВт/сағаттан аспайтын норма үшін электр энергиясының 1 кВт/сағатының бағасы тұрмыстық тұтынушыларға қосылған құн салығымен бірге 10,190 теңгені құрайды. Бұл лимиттік мөлшерлерден асқан жағдайда энергия бағасы 13, 971 ( сәйкесінше 85кВт/сағаттан-165 кВт/сағатқа дейін; 90 квт/сағаттан-170 кВт/сағатқа дейін болса ) және 17, 464 ( сәйкесінше 165-170 кВт/сағ жоғары болса) теңгеден төленеді.
Жалпы, 2018 жылдан бастап тұрмыстық тұтынушылар үшін орташа тариф 11,642 теңгеге дейін, ал электр энергиясын тұрмыстық емес қажеттілігіне пайдаланатын тұтынушылар үшін 1 кВт/сағаттың бағасы 14,488 теңгеге дейін өсті.
1 қаңтардан бастап облыс орталығында ыстық су мен жылудың тарифтері де көтерілген болатын. Бірақ, үйлерінде ыстық су мен жылуды есептейтін жалпыүйлік есептеу құралдары бар тұрғындар үшін бұл қызметтердің бағасы былтырғы жылдыкіндей өзгеріссіз қалды. Сондықтан тұрғындар үнемшілдікке үйреніп, есептеу құралдарын қоюға көңіл бөлуі керек дейді Өскемен жылу жүйелерінің мамандары.