Еліміздегі шұжық өнімдерінің 68 пайызынан шошқаның ДНК-сы табылған. Құжат жүзінде онысы көрсетілмесе де, саудаға еркін шығыпты. Тіпті "Халал" деген мөрі басылған өнімдердің өзінен де рұқсат етілмеген заттар анықталып отыр, деп хабарлайды Sn.kz «Еуразия» арнасына сілтеме жасап.
Таза сиыр не жылқы етінен дайындалды деген тағам өнімдерінен шошқаның майы да анықталды. Тексеруге алынған 145 сынаманың 40-ы өндірушілердің өтірігін әшкере қылыпты. Жартысынан астамы шетелден әкелінген.
«Отандық өндірушілердің Халал маркасымен таңбаланған шұжық өнімдерінің құрамынан да шошқа ДНК-сы анықталды. Айта кетсек, ол «Казгро» өндірушісінің, «Агропродукт» өндірушісінің, «Тай» өндірушісінің, «Дедов» өндірушісінің, Қарағандының бірінші мясокомбинатының және тағы басқа өндірушілердің өнімдері» - дейді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің бас сарапшысы Дана Қасқатаева.
Таза өнім деп ақша шашып алып жүрген тұтынушылар алданғанын білмейді де. Ал құс етінен кінәрат болмауы тиіс деп амал қылғандар да бармағын тістейтін сияқты. Себебі, олардан да мұсылмандар үшін арам саналатын шошқаның еті араласқаны белгілі болды.
«Бізде зертхана қарастырылмаған дүкенде. Бірақ тауарды қабылдаған кезде бүкіл құжаттары сертификаттарымен сәйкес екендігі тексеріліп, ветеринарлық анықтамалары барлығы түгел болмаса, біз тауарды қабылдамаймыз» - дейді дүкен басқарушысы Динара Тілемісова.
Әлгі қағаздарда барлығы таза деп көрсетіледі, әрине. Демек, өнімнің еш қоспасы жоқ деген құжатты алу қиын емес сияқты. Мамандар алған өнімге күмән туса, қоғамдық денсаулық сақтау мекемелеріне зерттеу жүргізу үшін өткізуге болатынын айтуда. Бірақ оған тұтынушылардың баратын түрі жоқ.
Тексеріс нәтижесінде айналымнан 20 мың тонна ет өнімі тәркіленді. Өндірушілерге сомасы 25 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Сондай-ақ өндіріс технологиясын жөнге келтіру жөнінде ұйғарым берілген. Алайда, оны сақтайтынына сенім аз. Сондықтан зерттеу күнделікті жүргізіледі деп сендіруде мамандар. Қазір де зертханаларда өнімдердің кезекті партиялары тексеріліп жатыр.