Кремльде алғаш рет Н. Назарбаевтың әні шырқалды

«Үшқоңыр» әнін Ресей мен Қазақстанның әншілерінен құралған жұлдызды трио орындады.

Мәскеудегі Мемлекеттік Кремль сарайында Ресейдің халық әртісі Ренат Ибрагимов, ҚР халық әртісі Роза Рымбаева және «Неоклассика» жанрының танымал әншісі Ержан Нұрғалиев алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне, Алтынбек Коразбаевтың әніне жазылған қазақ әні «Үшқоңырды» орындады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ренат Ибрагимовтың 70 жылдығына арналған «По морю жизни» мерекелік бағдарламасында Ресей мен шетелдің танымал әртістерінің қатысуымен 40-қа жуық концерттік номерлер көрсетілді, алайда тек осы номерді аудитория ерекше қол шапалақтап, шынайы қуанышпен қарсы алды!

"Ресейдің ең үлкен сахнасында, балалық шағымнан бері теледидардан көріп, өнеріне тәнті болып өскен жұлдыздардың ортасында әдемі қазақ әнін шырқау - мен бұны армандаған да емеспін! Осыған ұқсас өз әнімді шығарсам деген арманым жақында орындалып, әлемдік сахнада ұлтымның өнері мен шығармашылығы қазіргіден де танымал бола түседі деп үміттенемін...", - деді "Еуразияның алтын дауысы" номинациясының жеңімпазы Ержан Нұрғалиев.

Сондай-ақ, Кремль сарайының сахнасында Роза Рымбаева Ренат Ибрагимовпен бірге А. Бабаджанянның танымал "Верни мне музыку" шығармасын орындады.

Концерт РФ Федералдық қауіпсіздік қызметінің Орталық шекаралық ансамблінің сүйемелдеуімен өтті.



Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: