Қызылорда облысында Сырдария аудандық соты міндеттеріне салғырт қараған дәрігерлерге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аудандық аурухананың дәрігері мен акушері босанған жас ананың денсаулығын бақылауға алмаған. Нәтижесінде, ұл баланы дүниеге әкелген Алтынай Тәжімова көз жұмды. Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу кезінде сол күні жұмыс жасаған мамандар кәсіптік міндеттерін тиісті орындамағандары анықталды.
Сот үкімі бойынша дәрігерлерлерге 2 жылға бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, олар медицина саласындағы қызметпен айналысу құқығынан 1 жыл мерзімге айырылды.
«Сотталушылардың жасаған қылмыстық іс-әрекеттері онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады. Сондай-ақ, олар бұрын сотталмаған. Кәмелетке толмаған балаларының болуы олардың кінәсін жеңілдетеді. Осыған орай, рақымшылық заңы аясында дәрігерлер қылмыстық жауапкершіліктен босатылды», - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі.
Айта кету керек, көз жұмған Алтынай Тәжімова медицина қызметкерлерінің кәсіби мейрамы күні босанған. Ал, мерекелік дастарханға асыққан ақ халаттылар қызметтеріне атүсті қараған.