Маңғыстау облысындағы Жармыш ауылдық округінде түйелердің жаппай қырылуы туралы ақпарат жалған болып шықты, деп хабарлайды Хабар 24.
Бұл туралы өңірлік ветеринария басқармасының басшысы Шамғали Хамиев осы аймақтағы тілшімізге телефон арқылы хабарлады. Оның айтуынша, жыл басынан бері Маңғыстау ауданында Ойсылқара түлігінің түрлі індетке шалдығуынан 10 дерек тіркелген. Олардың тек екеуінен ғана құтыру дертінің қоздырғыш белгілері анықталған. Қазір аталған ведомство мамандары Жармыш ауылында жүр. Түйелері құтыруға шалдыққан екі шаруа қожалығына шектеу шаралары енгізіліп, ірі қараны вакцинациялау басталған.
– Жармыш округі бойынша ғой, 40 түйе өлді деп отырған. Ол жерде ресми тіркелген ондай мәлімет жоқ. Жалғыз Жармыш емес, аудандағы бүкіл ауылдар бойынша екі айдың ішінде 10 түйенің ғана материалы тапсырылған. Содан екі түйеден құтырудың қоздырғышы анықталды деп бізге қорытынды берген. Құтыру ауруы қорытындысы берілген екі шаруашылыққа шектеу шаралары енгізілді. Құтыру карантин жарияланатын аурудың түріне кірмейді, тек шектеу шаралары енгізіледі, - дейді өңірлік ветеринария басқармасының басшысы Шамғали Хамиев.