Баянауыл ауданында ерлі-зайыпты зейнеткерлерді өлтірді деген күдікпен 27 жастағы тұрғын ұсталды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
- Майқайын кентіндегі үйлердің бірінде 76 жастағы ер адам мен 78 жастағы әйел адамның өлі денелері табылды. Оқиға орнында облыстық ІІД-нің бастығы полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіровтің басқаруымен Екібастұз қаласы ІІБ және Баянауыл ауданы ІІБ қызметкерлерінен құрылған штаб екі күн тергеу жүргізді, - деді департаментте.
Өткізілген кешенді жедел іздестіру және тергеу іс-шараларының арқасында жедел қызметкерлер күдіктіні ұстады. Ол қаза тапқандармен бір көшеде тұратын Майқайын кентінің тұрғыны болып шықты.
Тұрақты еңбекақысы жоқ және ақшаға мұқтаж жігіт зейнеткерлердің қомақты қаражаты болуы мүмкін деген оймен үйлеріне келеді. Табалдырықтан аттаған ол үй иесі мен оның әйеліне бірнеше рет пышақ жарақатын келтірген. Ешқандай бағалы заттар мен ақша таппаған соң өзімен банк карточкаларын алып, үйден шығып кеткен.
Полицейлер болжамды қылмыс қаруы болуы мүмкін пышақ алған. Қазіргі таңда қажетті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық істі тергеу жалғасуда. Күдікті қамауға алынған.