Таразда Тұран Әлем Банкiнiң бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiрдi деп айыпталып отырған бизнесмен Мұратхан Тоқмәди iсiне қатысты сот жарыссөзi өтіп жатыр. Прокурор Iлияс Есқалиев Тоқмәдиге жасаған қылмысы үшiн 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, деп хабарлайды Baq.kz.
Мұратхан Тоқмәдиге 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлімі «ж», «з» тармақтарында (адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, бопсалаумен не бандитизммен адам өлтіру) қарастырылған қылмыстар жасады деген айып тағылып отыр.
Сот отырысында прокурорлар - Асхат Нұрлыбаев пен Iлияс Есқалиев Мұратхан Тоқмәдидiң кiнәсiн дәлелдейтiн айғақтарды келтiрдi.
«Мұратхан Тоқмәдидiң кiнәсi толық дәлелдендi. Құрметтi сот, Мұратхан Тоқмәдидi жалпы 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын», - дедi прокурор Есқалиев.
Атап өтсек, сот процесi Жамбыл облысы бойынша қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сотта өтiп жатыр. Процеске судья Азамат Тілепов төрағалық етуде.
Жалпы, 16 ақпанда басталған сот процесiнде барлығы 130 куәгердiң берген жауабы мен 79 том қылмыстық iс материалдары қаралды. Осылайша, 14 жыл бұрынғы қылмыс қайта тексерiлуде. Ал, 11 жыл бұрын бизнесмен Тоқмәди дәл осы қылмысы үшiн жазадан сытылып кеткен болатын. Сол кезде қылмыс абайсызда жасалды делiнiп, Мұратхан Тоқмәди Тараз қалалық сотының 2007 жылғы 3 қыркүйектегi үкiмiмен бiр жылға бас бостандығынан айырылып, рақымшылықпен жазадан босатылды. Бұл iс бойынша тергеу амалдары мен соттар 3 жылға созылған едi.
2017 жылғы 12 маусымда Алматыдағы арнайы операция барысында «ҚазСтройСтекло» ЖШС бас директорының кеңесшiсi Мұратхан Тоқмәди ұсталды. Бизнесмен «Iрi көлемдегi мүлiкке ие болу мақсатында бопсалау» бабы бойынша қылмыс жасады деген күдiкпен құрықталып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. 2017 жылғы қазанда КТК арнасынан көрсетiлген фильмде Тоқмәди Ержан Тәтiшевтi өлтiргенiн мойындап, банкирдiң көзiн Мұхтар Әбләзовтiң тапсырысымен жойғанын айтты. Бұл факт бұған дейiн жүргiзiлген тергеу барысында да анықталып, iс қайта қозғалған едi. Сондай-ақ, Әбләзовтен Тәтiшевтi өлтiру үшiн 2 траншпен 4 млн доллар көлемiнде сыйақы алғанын да жасырмады. Осылайша, Мұхтар Әбләзов Ержан Тәтiшевтiң өлiмiнен кейiн Тұран Әлем Банкiнiң басшылығына келген. 2018 жылғы 16 ақпанда Жамбыл облыстық сотында Тоқмәдиден жауап алынып, ол осы айтқандарын растады.