Атырауда «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» атты халықаралық форум басталды. Сонымен қатар еліміздің батыс өңірлерінде әлімсақтан әліге дейін көшпелі жұрттың «көрісу» деген салты сарқыттай сақталған. Бұл күні алты ай қыста көріспеген жұртшылық бас қосып, бір-бірімен қуана қауышады. Бұл игі дәстүр өз маңызын жойған емес, деп хабарлайды Хабар 24.
Мәселен, тап қазір Атыраудағы «Исатай-Махамбет» алаңында ел мерейін асырған мерекелік шара өтіп жатыр.
Атырауда биыл қыс жайлы болды, көктем де шуағын сеуіп жатыр. Ұлы даламыздағы ұлы дәстүрлердің бірі «Көрісу» салты еліміздің батыс аймақтарында әлі сақталған. Яғни бұл күні ойдан-қырдан жиылған ағайын бір-бірімен көріседі, қауышады, табысады. Ал арада өкпе-наз болса кешіріп, ескі жылмен қалдырады. Наурыз жыл басы болғандықтан жаңа жылда сәттілік тілейді, жақсылыққа үміт артады. Қарапайым халық жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер тұсында орталықта бас қосып мерекелеп, шат-шадыман кейіпке еніп жатқан жайы бар.
- Журналист. «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» халықаралық форумы аясында алдағы екі күн бойына ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, республикалық ақындар айтысы өтеді. Сондай ақ дәстүрлі ән мен күй өнерін насихаттайтын өнер байқаулары мен Қазақ күресінен республикалық чемпионат секілді ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылатын болады. Ал ертең барлық байқаулардың жеңімпаздары марапатталып, «Аманат» ұлттық қоғамдық сыйлығы табысталады. Артынан үлкен мерекелік гала концерт өткізу жоспарланған. Бұл шаралар жөнінде біз толық ақпарат беріп отыратын боламыз, - деді қалалық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек Рысқалиев.