Алматыда жас ана дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болды

Марқұмның артында ана мейіріміне зар болып 2 бірдей перзенті қалған.

Алматыдағы перзентханалардың бірінде босанған келіншектің 2 аптадан соң көз жұмуына дәрігерлер себеп болғанын тәуелсіз сараптама дәлелдеді. Кесарь тілігімен босандырылған 20 жасар әйелдің беті бері қарамаған. Сөйтсе, ота кезінде инфекция түсіп, ішіне көп көлемде ірің жиналыпты. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

20 жастағы келіншектің екінші жүктілігі 9 ай бойы қалыпты өткен. Айы-күні жеткенде толғақ қысып, ол мына перзентханаға жеткізіліпті. Бұл – Алматыдағы үздік перинатологиялық орталықтардың бірі екенін айта кетейін. 15 сағат бойы өздігінен босана алмай, Әнел Артықоваға Кесарь тілігі жасалған. Сөйтіп, қыз бала дүниеге келеді. Алайда, келіншектің шақалаққа қарайтын шамасы да болмады. Яғни, отадан кейін ыстығы көтеріліп, өзін тым әлсіз сезініпті. Соған қарамастан, мамандар оны 1 аптаның ішінде үйіне шығарып жіберген.

“7 күннен кейін қызымды ауруханадан шығарды. Оныншы күні тігісті алу керек деп қайтадан сол Бәсеноваға барды. Тігісін алғаннан кейін кешкісін қызым қатты ауыра бастады. Су да ішпейтін…”, – дейді марқұмның анасы Айнаш Сазбаева

14 күн өткенде жас ананың жағдайы одан әрі ушығып, жақындары жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған. Онда баланы жарып алу кезінде науқастың құрсағына инфекция түскені анықталыпты. Содан 2 литрдей ірің жиналған. Оны тазалағанымен, тым кеш еді. Әнелді аман алып қалу мүмкін болмады. Марқұмның артында ана мейіріміне зар болып 2 бірдей перзенті қалған. Бірі жаңа туған сәби, ал үлкені бар-жоғы 1 жаста.

Қайғыдан қан жұтқан отбасылар сап-сау келіншектің өліміне дәрігерлерді кінәләйді. Олар да өздерінен ағаттық кеткенін мойындап, марқұмның жақындарынан кешірім сұраған екен. Бірер күн бұрын аяқталған тәуелсіз сараптама да ақ халаттылар тарапынан көптеген өрескел қателіктер жіберілгенін растады. Науқасқа тек перзентхана мамандары емес, 9 ай бойы бақылауда ұстауы тиіс емханадағыларға дейін жүрдім-бардым қараған.

“Науқастың денсаулығы дұрыс бағаланбаған. Мамандардың бейжай қарауы – жағдайының нашарлауына әкелді. Анализдерінің қорытындысы мүлдем ескерілмеген. Тиісті дәрігерлердің басқосуымен консилиум да ұйымдастырылмаған. Әрі әйел ауруханадан тым ерте шығарылыпты”, – дейді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Майра Үкібай.

Медицина мамандарының былығы әшкереленген сараптама қорытындысы Ішкі істер департаментіне жіберіліп, сотқа дейінгі тергеу басталды. Қара жамылғандар болған жәйтке кінәлілердің тиісті жазаға тартылғанын қалайды.

Бұған қоса, олар салғырттық танытқан мамандардың әлі де жұмыста жүргеніне ашулы. Өйткені, қайғылы жағдайдың тағы қайталануынан қатты қорқады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: