Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек балабақша санының аз екендігі туралы мәселені қозғады. Ол зейнеткерлерге үйде бала тәрбиесімен ақылы түрде айналысуға болатынын айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
Ол цифрландыру ғасырында адамдар бір-бірімен араласа бермейтінін, сол үшін жергілікті билік қызығушылығы ортақ қариялардың басын қосуға ниетті екенін айтты.
«Біздің ұжымымыз, достарымыз, араласатын таныстарымыз бар. Қариялар үшін бұл қиын мәселе. Біз үйде отырудан жалыққан зейнеткерді ортақ қызығушылықтары бойынша байланыстырғымыз келеді. Олар бір-бірімен танысқаннан кейін бірге жүріп, бірге қалаған жерлеріне бара алады. Ең бастысы – оларды тыңдайтын алаң бөлуіміз керек», - дейді қала әкімі.
Ол өзінің қабылдауына тәжірибесімен бөлісіп, кеңес бере алатын зейнеткерлердің де келетінін айтты.
«Бимен, спортпен, психологиямен айналысқысы келетін, білгенін жастармен бөлісуді қалайтын белсенді зейнеткерлер бар. Бірақ, мен олардың бәрін қабылдай алмаймын, өйткені олар 1,5-5 сағат отырады. Менде оншалықты уақыт жоқ, бірақ олардың тәжірибесімен бөлісіп, көмектескілі келетінін түсінемін», - дейді ол.
Ол қалада құрылыс қаншалықты қарқынды жүріп жатқанымен, балабақшалар саны аз екенін атап өтті. Сол себепті бала тәрбиесін зейнеткерлерге тапсыруды ұсынды.
«Барлық жерге ғимарат салудың қажеті жоқ. Балабақша саны аз. Пәтерлері бар апа-аталар бар, соларға ақысын төлеп, балаларыңызды қаратуға болады. Күні бойы жейтін тамағын дайындап кетсеңіз, қажет болғанда ысытып алады немесе тамақ дайындау үшін ақысын төлеп кетсеңіз болады. Олар баламен бірге күні бойы бірге болып, теледидар көріп, аулаға шығып серуендейді», - дейді ол.