Қазақстандық 100 магистрант пен докторантқа Франция ЖОО-ларына грант беріледі

Қазақстандық тараптан келісімге Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, француз тарапынан Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ қол қойды.

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Француз Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрлігі арасындағы «Абай-Верн» бағдарламасын іске асыру туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық тараптан келісімге Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, француз тарапынан Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ қол қойды.

Бағдарлама аясында екінші жылғы білім алушы 90 магистрант пен қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 10 докторант Францияның жоғары оқу орындарына баратын болады.

Магистранттардың білім алу мерзімі 10 ай (қыркүйек-маусым), ал докторанттардың оқу мерзімі 3 жыл, әр жылда 6 айдан (қыркүйек-ақпан) білім алады.

Қазақстан тарапы әр білім алушыға стипендия төлеуді өз мойнына алды (1 магистрантқа - 800 еуро; докторантқа - 1200 еуро).

Франция тарапына тегін білім алуды қамтамасыз ету; мемлекеттік жоғары оқу орындарында тіркеу төлемінен босататын Француз Үкіметінің стипендиат мәртебесін беру; Француз әлеуметтік сақтандыруының жалпы жүйесіне тіркеу; тегін ұзақмерзімді студенттік виза; студенттік жатақханаларда орындарды бөліп тарату кезінде басымдылықты ұсыну; тұрғын жерді төлеуге, сонымен қатар «clé» жүйесін пайдалануға (тұрғын үйді жалға алғанда Француз Мемлекеті кепілгер болып табылатын кезде ) көмек алу; мәдени бағдарламалар мен іс-шараларға қатысу үшін жеңілдетілген тарифтерді қамтамасыз ету сынды бірқатар міндеттемелер жүктелді.

Бағдарлама жас зерттеушілердің мобильділігін дамытудағы жаңа импульсті, сондай-ақ ғылым саласындағы соңғы инновацияларға қолжетімділікті, француз тілді елдермен ғылыми қатынастарды кеңейту мақсатында алғы еуропалық ғылыми орталықтар және зертханалармен ынтымақтастықты жандандыруды қамтамасыз етеді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: