Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкинмен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекеттік хатшы қазіргі кезеңде Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы өзара сенім мен түсіністікке негізделген тату көршіліктің жарқын үлгісін көрсетіп отырғанын атап өтті. Екі мемлекеттің көшбасшылары – Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің достық қарым-қатынасы осыған арқау болып отыр.
– Елдеріміз арасында саяси диалог қарқынды дамып, тығыз экономикалық байланыс орнатылған. Мәдени-гуманитарлық, ғылым және білім беру салаларындағы ынтымақтастық зор мазмұнға ие болуда. Қазақстан мен Ресейдің өзара ықпалдастығының қалыптасқан жоғары қарқынын сақтау керек, – деді Мемлекеттік хатшы.
Мемлекеттік хатшы биыл еліміз Тәуелсіз Қазақстанның символы – Астананың 20 жылдығын атап өтетінін айтты. Ресейлік серіктестеріміздің бұл мерейтойға арналған іс-шараларды алғашқылардың бірі болып өткізетіндігі айтуға тұрарлық. Мәселен, 27 сәуірде Астанада Мәскеудің тәуелсіз театры М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының сахнасында «Мастер және Маргарита» спектаклін қояды.
Г.Әбдіқалықова құқықтары мен мүмкіндіктері тең қоғам қалыптастыру үшін Қазақстан тәуелсіздік жылдары ауқымды жұмыс атқарғанын атап өтті. Гендерлік теңдікке бағытталған «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» екі заң мен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы қабылданды.
Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова стратегиялық серіктес және одақтас ретінде екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту жолында Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі А.Бородавкинге зор табыс тіледі.