Ұлттық Банк теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы режимін ұстануды жалғастыруда. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев Астана қаласында ҚР Парламентінің Сенатында парламенттік тыңдалымда айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл валюта нарығындағы ауытқуды жинақтамауға, Қазақстан тауарларының бәсеке қабілеттілігіне қолдау көрсетуге және алтынвалюта резервтерін сақтауға мүмкіндік береді.
Ол теңге бағамын валюта нарығына қатысушылар іргелі факторлардың әсерімен шетел валютасының сұранысы мен ұсынысы негізінде қалыптастырады деп атап өтті.
«Ұлттық Банк оның іргелі үрдісіне кедергі жасамайды және валюта нарығына қатысуын барынша азайтты», - деді Д. Ақышев.
Ол еркін өзгермелі айырбастау бағамына өту төлем балансындағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді деп те ақпараттандырды.
«Төлем балансы – елдің барлық мәмілесінің сыртқы әлеммен балансы, яғни Қазақстан мен басқа елдер арасындағы валюта мен капиталдың бүкіл ағыны.Төлем балансы тепе-тең болса, валюта нарығы да тепе-тең болады. Әйтпесе айырбастау бағамына қысым болады: теріс төлем балансы кезінде – ұлттық валюта әлсірейді, оң болғанда – нығаяды», - деп айтып берді Ұлттық Банктің басшысы.
Д. Ақышев 2015 және 2016 жылдары теріс төлем балансы теңгенің елеулі әлсіреу факторының бірі болды деп атап өтті. «2017 жылы жағдай біртіндеп жақсарды, ағымдағы операциялар шотының дефициті 40%-ға төмендеді. 2018 жылғы бірінші тоқсанда ағымдағы шот іс жүзінде нөлдік деңгейде тұр. Мұндай жағдай қатарынан екі тоқсан бойы байқалуда. Биыл оның одан әрі жақсаруы күтіледі, бұл теңгенің айырбастау бағамына оң әсер етеді», - деп қорытындылады Ұлттық Банктің басшысы.