Қазақстанда 27 274 бала балалар үйінде тұрады. Осы жылдың үш айының ішінде кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 1 688 бала түскен, деп хабарлайды Today.kz.
ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің сайтында жазылған ақпарат бойынша, жағдайы нашар отбасында туылған балалар дұрыс тәрбие алмайды. Биологиялық ата-аналарымен бірге тұрған кездерінде балалар өте қорқынышты өмір сүреді. Көбіне оларды ұрып-соғады, тамақ бермейді, тіпті сексуалдық зорлық жасайды. Ішімдік ішіп, есірткі тұтынатын ата-аналардың кесірінен жыл сайын мыңдаған бала кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына түседі. Біраз уақыт бала өз әке-шешесін күтеді, өзін алып кететініне сеніп жүреді. Одан кейін біреуі балалар үйіне, біреуі сәбилер үйіне, біреуі арнайы мектепке кетсе, кейбірі өз отбасына қайта оралады.
Былтыр кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 7 539 бала түскен. Олардың көбі, яғни 6 306 (83,6 пайыз) қорғансыз балалар, 937-сі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, 207-сі ерекше туылған балаларға арналған мекемелерге жолданған, 89 бала қиын жағдайда қалған.
Бұл балалардың бәрінің дерлік тағдыры шешілді.
6274 бала отбасына қайтарылды. 578 бала жетімдер үйінде жаңа өмірін бастады. 124 бала қамқорлыққа алынды, оның ішінде патронатқа жатқаны – 21, арнайы мектепке жолданғаны – 132, кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына кеткендер – 41, басқа елдердегі кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына кеткені – 13.
Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына үш айдың ішінде 1688 бала түскен. Көбі қорғансыз қалғандар (1422 бала немесе 84,2 пайыз), жартысы яғни 1371 бала отбасын қолдау қызметінің бақылауында. Олар балалар мен олардың ата-аналарына психологиялық, кеңес беру, әлеуметтік-құқықтық, анықтамалық көмек көрсетеді.
Балалардың құқығын қорғау комитетінің ақпаратынша, ҚР-да 27 274 жетім бала тұрады. Былтыр 1 561 бала қазақстандық азаматтығы бар отбасыларға табысталды. 300-ден астам бала қамқорлыққа алынды, патронатта 293 бала бар, 168 бала асырап алынды, өз отбасына 630 бала қайтып оралған.
Қазақстанда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға арналған 137 ұйым бар, олардың ішінде 97 ұйым – білім беру мекемелері, денсаулық сақтау ұйымдары – 22, әлеуметтік қорғау ұйымдары – 18.
Естеріңізге салайық, Атырауда балалар үйінің тәрбиеленушісін өз әжесі балалар үйіне қайтып әкеліп тастады. Бұл оқиға қоғамда резонанс тудырды. Қыз бала балалар үйінде туғанынан бастап тәрбиеленіп келген. Мамандар қыздың әжесіне немересін бағуға рұқсат беретін құжаттарды жасасқан. Сөйтіп әжесі немересін отбасына алып келген. Әжесі бала асырап алғаны үшін берілетін айлықты бірінші рет алғанда қызды балалар үйіне қайтарып берген. Әжесінің сөзінше, жәрдемақы көлемі өте аз.