Тағы бір банктің депозит ашуға лицензиясы тоқтатылды

Лицензия жеке тұлғалардың жаңа депозиттерін тартуға және жаңа банк шоттарын ашуға тоқтатылғанымен, Банктің қолданыстағы депозиттеріне және клиенттеріне қызмет көрсетуге қатысты емес.

Бүгіннен бастап «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-тың жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, жеке тұлғалардың банк шоттарын ашуға арналған лицензиясы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі сілтемемен.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 28 мамырдағы №91 қаулысымен 2018 жылғы 29 мамырдан бастап «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-тың жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, жеке тұлғалардың банк шоттарын ашуға арналған лицензиясының қолданылуы 2018 жылғы 29 тамызға дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрды» делінген хабарламада.

Мәліметке сай, Ұлттық Банк бұл шешімді «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабы 1-тармағының г) және з) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша пруденциялық нормативтер мен нормативтік құқықтық актілерді жүйелі (қатарынан күнтiзбелiк он екi ай iшiнде үш және одан да көп рет) бұзғаны үшін Банктің банк заңнамасының талаптарын жекелеген бұзушылықтарға қадағалап ден қою шеңберінде қабылдады.

Лицензия жеке тұлғалардың жаңа депозиттерін тартуға және жаңа банк шоттарын ашуға тоқтатылғанымен, Банктің қолданыстағы депозиттеріне және клиенттеріне қызмет көрсетуге қатысты емес.

2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Банктің жеке тұлғалардың қабылданған депозиттерінің көлемі 267 млн теңгені құрайды. Банктің жеке тұлғаларының депозиттік портфелінің үлесі банк жүйесінің жеке тұлғалары депозиттерінің жиынтық көлемінен 0,003%-ды құрайды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: