Қазақстанда есірткі бизнесіне қарсы күрес жүргізіледі

1 маусымнан бастап «Көкнәр-2018» кең көлемді операциясы басталады.

«Көкнәр-2018» кең көлемді операциясы қарсаңында Алматы қаласында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментімен кеңес өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Кеңеске Ұлттық гвардияның басшылығы, аумақтық ІІД бастықтарының жедел қызметке жетекшілік ететін орынбасарлары, есірткі бизнесіне қарсы күрес бөліністерінің, кинологиялық қызметтердің бастықтары және басқа да құзіретті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Жанат Сүлейменов іс-шараны өткізудің мақсатын айқындады және героин трафигін анықтау және жою, елдің оңтүстік өңірлерінде марихуана мен гашишті дайындау мен шығаруға қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ есірткі, оның ішінде жаңа түрлерін таратумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметіне тосқауыл қою жөнінде бірқатар міндеттерді жүктеді,

Анықтама:

«Көкнәр-2018» кең көлемді операциясы Шу алқабында осы есірткіні дайындау және шығарумен айналысатын қылмыстық топтарды анықтау үшін жыл сайын маусым мен қазан аралығында сора өсіп шыққан кезде өткізіледі.

Оның негізгі мақсаты Шу алқабында каннабис тобына жататын есірткі дайындаумен және шығарумен айналысатын адамдарды анықтау және ұстау, героин транзиті арналарын жою.

Операция аясында ІІМ және Ұлттық гвардияның арнайы мақсаттағы бөліністерін, заманауи техниканы, жоғары өтімділігі бар автокөлікті, барынша күштер мен құралдарды жұмылдыру арқылы ауқымды арнайы іс-шаралар өткізіледі.

Есірткіні тасымалдау арналары мен жолдарына тосқауыл қою үшін негізгі магистраль жолдарда қосымша жылжымалы «Есірткі шебі» бекеттері және ұтқыр жедел-іздестіру топтары құрылады.

Өтуі қиын аудандарда автокөлікпен есірткі алаптарын анықтау және есірткі тарату арналарына тосқауыл қою бойынша барлау-іздестіру іс-шаралары жүргізіледі. Марихуана дайындаумен айналысатын қылмыстық топтарды анықтау, ұстау және патрульдеу үшін жоғары өтімділігі бар автомашиналар пайдаланылады.

Жыл сайын «Көкнәр» операциясын өткізу барысында 4 мың есірткімен байланысты қылмыстық құқықбұзушылықтар тіркеледі, оның ішінде 2 мыңға жуығы есірткі қылмыстары. Заңсыз айналымнан 30 тоннадан астам түрлі есірткі, ал жойылған есірткі егістіктерін есепке алғанда 130 тоннадан астам есірткі алынады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: