Бүгін, 4-ші маусым, Қазақстан халқы Мемлекеттік рəміздер күнін атап өтеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
1992 жылғы 4 маусымда Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Сондықтан бұл күн ел тарихында жаңа Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады.
Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық белгілер. Мемлекеттік рәміздер- Көк байрақ, Елтаңба және Әнұран.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі. Сондықтан республика азаматтарының мемлекеттік рәміздерді қастерлеу - парыз.
Қазақстан Pеспубликасының мемлекеттiк Елтаңбасы
Елтаңбаның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Рәмiздiк тұрғыдан мемлекеттік елтаңбасының негiзi - шаңырақ. Ол - елтаңбаның жүрегi.
Шаңырақ - мемлекеттiң түп-негiзi - отбасының бейнесi. Шаңырақ - Күн шеңберi. Шаңырақ - киiз үйдiң күмбезi көшпелі түркілер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi.
Тұлпар - дала дүлдiлi, ер азаматтың сәйгүлігі, желдей ескен жүйрік аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi.
Қанатты тұлпар - қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар уақыт пен кеңiстiктi бiрiктiредi.
Ол өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi. Бес бұрышты жұлдыз елтаңбаның тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк Туы
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк Туы – Қазақстан Республикасының мемлекеттiк негiзгi рәмiздердiң бiрi. Тудың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Мемлекеттік ту - көгiлдiр түстi тiк бұрышты кездеме. Оның ортасында арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекiтiлген тұста ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою-өрнек - алтын түстi. Тудың енi ұзындығының жартысына тең. Бiрыңғай көк түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi және Қазақстан халқының бірлік, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады.
Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған.
Геральдика (гербтану) тiлiнде — көк түс және оның түрлi реңкi адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келедi. Ежелгi түркi тiлiнде «көк» сөзi аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркі халықтары үшiн қасиеттi ұғым.
Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн - қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн - уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс - бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi.
Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран Қазақстанның еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Әнұранның сөзін Қазақстан Республикасының әр азаматы жатқа білуі тиіс.
Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның әнұраны президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша, 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Әнін жазған – композитор Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар – Нұрсұлтан Назарбаев пен Жұмекен Нәжімеденов.