Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның үшінші сессиядағы соңғы жалпы отырысы өтті. Осыған орай Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин өткен сессия жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды Zakon.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл сессия Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Мәжілістің алдына қойған маңызды міндеттері мен тапсырмаларын орындауға арналды. Ең бастысы Президентіміз Парламентте өзінің Бес әлеуметтік бастамасын жариялаған болатын. Сондықтан, осы бастамаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету біздің депутаттарымыздың осы сессиядағы негізгі міндеттерінің бірі болды. Бұл жолда көптеген заңдар қабылданып, көптеген парламенттік шаралар өтті, - деді Мәжіліс спикері.
Атап айтар болсақ, үшінші сессияда Мәжілістің 38 жалпы отырысы өтіп, 263-ден астам мәселелер қаралды. Осы кезеңде Палата қарауында 128 заң жобасы болып, оның 91-і мақұлданып, Сенатқа жолданған.
Сонымен бірге, 18 «Үкімет сағаты» мен 2 парламенттік тыңдау, 21 көшпелі отырыс және 3 халықаралық конференция ұйымдастырылды.
Палата Спикері атап өткендей, осының барлығы депутаттық корпустың Үкіметпен, тиісті мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесі.
Отырыс барысында Мәжіліс Төрағасы депутаттарға сессия аяқталғанымен, аймақтарға барып сайлаушылармен кездесіп, онда айтылған ұсыныстар одан әргі заңшығарушылық қызметте ескерілуі қажеттілігіне назар аударды.
Сонымен қатар бүгінгі жалпы отырыста «Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше бір мемлекеттің азаматтары Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше екінші мемлекеттің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде ұшыраған өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің қоғамдастыққа мүше екінші мемлекеттің аумағында еңбек қызметін уақытша жүзеге асырып жүрген азаматтары ұшыраған өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексерумен байланысты қоғамдық қатынастар Келісімнің реттеу нысанасы болып табылады.
Палата Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Келісімге Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау туралы ратификациялық заң жобасын мақұлдады.
Түзетулер салықтық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, екі ел арасындағы анағұрлым тығыз экономикалық байланыстарды жолға қоюға мүмкіндік береді.
Мәжіліс екінші оқылымда жарнама мәселелері бойынша түзетулерді мақұлдады.
Сондай-ақ, бүгін жалпы отырыста депутаттар Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының айналысы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды. Аталған Келісімді іске асыру Қазақстанға сұрыптарды сынау және тұқымдар нарығына шығу мімкіндігін кеңейтуге, селекцияны және тұқым шаруашылығын дамытуды қамтамасыз етуге, отандық ауыл шаруашылығы өнімінің бәсекеге қабілеттігін арттуға мүмкіндік береді.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары А.Перуашев, М.Магеррамов, Қ. Ержан орталық мемлекеттік орган басшыларының атына депутаттық сауалдар жолдады.
Ал, жұма, 29 маусымда депутаттар Парламенттің қос палаталарының бірлескен отырысына жиналады.