Шарын шатқалы мен Жоңғар Алатауы ЮНЕСКО тізіміне енгізілді

Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2010 жылы сәуір айында құрылды.

Еліміздегі халықаралық биосфералық резерваттар саны онға жетті, деп хабарлайды Хабар 24.

Алматы облысындағы Шарын шатқалы мен Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жақында ЮНЕСКО-ның тізіміне енді. Мұндай шешім аталған ұйымның «Адам және Биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіруші кеңесінің 30-сессиясында қабылданды.

- Біз қазір Жоңғар Алатауының етегіндегі «Кіші Басқан» орманшылығында тұрмыз. Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі республикамыздағы ең үлкен парктердің бірі болып саналады. Оның аумағы 356 мың гектар жерді алып жатыр. Өткен жылы мұнда мыңнан астам саяхатшы келіп тыныққан, - дейді тілші Ардақ Айбарұлы.

Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2010 жылы сәуір айында құрылды. Ол Алматы облдысындағы Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының аумағында орналасқан. Паркте шектеулі шаруашылық, туристік, қорықтық және экологиялық тұрақтандыру аймағы құрылып, 11 туристік бағыт белгіленді. Өткен жылы мұнда мыңнан астам саяхатшы келді. Соның арқасында арнайы ашылған есепшотқа 2 млн. теңгеден астам қаржы түскен.

- Қаланың лас ауасынан демалуға келеміз. Өте таза. Жаңа жолда келе жатқанда бірде бір қоқыс, кірленген зат көрген жоқпын, - деді демалушы Тілеуғазы Кеңес.

- Бізді ылғи осы жер табиғатымен қызықтырады әрқашанда. Табиғаты керемет өздеріңіз көріп тұрғандай. Ауасы таза. Біз отбасымызбен қаладан келіп, демалып тұрамыз осы жерге. Балаларға да ыңғайлы, - деді демалушы Мәдина Кеңес.

Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағы жағынан Қатон-Қарағайдан кейінгі екінші орында тұр. Бұған дейін Ақ Жайық, Ақсу-Жабағылы, Қорғалжын, Алакөл, Қатон-Қарағай, Барсакелмес, Қаратау мен Алтын-Емел халықаралық биорезерват мәртебесін иеленсе, биыл олардың қатарына Шарын шатқалы мен Жоңғар Алатауы қосылды. Парктің халықаралық беделді ұйым ЮНЕСКО-ның тізіміне енуі біз үшін үлкен жаңалық болды дейді орманшылар.

- Сиверс алмасын қорғау мақсатында көмектер көрсетілуі мүмкін. Екінші топтағы мекеме болатынбыз. ЮНЕСКО-ға кіргеннен кейін біз бірінші топқа кіріп, біздің мамандарымыздың да жалақысы көбейеді деп ойлаймыз, - дейді Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркінің бас директорының орынбасары Нұрболат Ноғайбеков.

Әлемдегі бүкіл алмалардың атасы осы Жоңғар Алатауында өсетін сиверс екені белгілі. Қазір алманың бұл тұқымын өсіріп, сақтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Сарқандағы тұқымбағында жыл сайын 43 мың көшет сиверс алмасы өсіріліп, тауға отырғызылады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: