Павлодарда өтіп жатқан «Ұлы дала» этнофестиваліне қатысқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков шараның маңыздылығын атап өтіп, жоғары баға берді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов мәртебелі мейманға қазақтың ұлттық аспабы - домбыра сыйға тартты.
- Бүгін қасиетті, киелі Ертіс өңірінде той-думан, Ұлыстың ұлы күні. Той құтты болсын!, - деді Зауытбек Тұрысбеков. - Мен өзім Оңтүстік Қазақстан облысының азаматымын. 67 жасыма дейін нағыз қазақ оңтүстікте деп ойлайтынмын. Жоқ, кеше және бүгін байқап отырсам, нағыз қазақи аймақ Ертіс өңірі екеніне көзім жетті. Нағыз қазақ Ертіс жерінде қоныстанған. Бүгінгі тойға жердің түкпір-түкпірінен бар қазақ жиналып отыр. «Туысқан араласпаса жат болады» дейді қазақ даналығында. Сол себепті, бүгін барлығымыз табысып, танысып жатырмыз. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында бір отбасындай тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Бұл ата-баларымыздың еңбегі. Сол достықты балалар мен немерелерімізге тапсыру - біздің міндет. Елбасы «Бар қазақтың Отаны - Қазақстан» деген болатын. Қазақстан жасасын! Бірлігіміз мәңгі болсын!
Айта кетейік, Ертіс өңірінде «Ұлы дала» фестивалінің екінші күні өтуде.
Бұл жолы алты мемлекеттен - Қытай, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей елінен қонақтар шақырылып, 70-тен астам делегат алыс және жақын шетелден келген.