22 тамызда АҚШ-тың Ұлыбританияда ресейлік бұрынғы агент Сергей Скрипаль мен қызы Юлияның улануына қатысты Ресейге салған жаңа санкциясының алғашқы бөлігі күшіне енді, деп хабарлайды Baq.kz.
Азаттықтың мәліметінше, Вашингтон Мәскеу АҚШ-та 1991 жылы қабылданған химиялық және биологиялық қаруды бақылау және оны әскери мақсатта қолдануға тыйым салу туралы заңды бұзды деп біледі.
АҚШ Мемлекеттік департаменті 8 тамызда жариялаған санкция бойынша, Ресейге азаматтық және әскери мақсатта бірдей қолданылатын өнімдер мен АҚШ ұлттық қауіпсіздігі саласымен байланысты тауар және технологияны экспорттауға тыйым салынады. Бұған қоса, Ресейге мұнай-газ саласына қатысы бар электроника, технология мен қосалқы құрылғылар жеткізуге де шектеу қойылады.
Ресей егер химиялық қару бойынша халықаралық сарапшылармен жұмыс істесуден бас тартса, онда үш айдан соң тағы да санкция салынады. Ол санкцияда "Аэрофлот" компаниясы ұшақтарының АҚШ-қа ұшуына тыйым салып, екіжақты сауданы барынша азайту қарастырылған.
Ресей өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров "Интерфакс" агенттігіне жаңа санкцияда расымен де жоғары технологиялық өнімдер жеткізуге тыйым салынатынын, бірақ олардың "айтарлықтай маңызды " емесін айтты.
Вашингтон Мәскеуге 2014 жылы Ресейдің Қырымды аннексиялағаны және Украина шығысындағы агрессиясы үшін санкция салған. Қазіргі уақытта Конгресске Ресейдің АҚШ-тағы президент сайлауына араласуы оқиғасына байланысты жаңа заң жобасы түскен. Құжат Ресейдің дербес қарызына байланысты транзакцияға шектеу қоюды көздейді. АҚШ-та Ресейдің "Сбербанк", ВТБ, "Внешэкономбанк" және "Газпромбанк" секілді ірі банктерінің жұмыс істеуіне тыйым салу да қарастырылған.