Бүгін Қазақстан ҰОК-і Индонезияда өткен XVIII жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін ұлықтады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Азия ойындары көптеген спортшыларымыз үшін алғашқы сайыс болды. Ұлттық олимпиада комитеті спортшылардың нәтижесін қанағаттанарлық деп бағалады. Жеңіліссіз жеңіс болмайды. Енді Жазғы олдимпиадалық ойындарға білек сыбана кірісу керек. Жақсы көрсеткішке жету үшін біз бар жағдайды жасайтын боламыз. Қаңтардан бастап барлық жаттықтырушылардың еңбек ақысын өсіреміз», -деді ҚР ҰОК Бас хатшысы Данияр Абулғазин.
Жиын барысында XVIII жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және бапкерлеріне алғыс хат пен ақшалай сыйақы берілді. Бокстан күміс жүлде алған Асланбек Шымбергенов пен Әбілхан Аманқұлдың нәтижесі жоғары деп танылып, сыйақылары чемпиондардікімен теңестірілді.
Жиын барысында ҚР Гимнастика федерациясының президенті Үміт Шаяхметова барлықспортшыларды құттықтап, гимнастикадан алтын алқа жеңіп алған спортшыларға федерация атынан 1 млн теңге мөлшерінде қосымша сыйақы табыстады.
«Спортшыларымыздың жетістігіне мақтанамыз. Олар қандай орынды алмасын, жеңіс тұғырына көтеріліп, еліміздің туын желбіреткенде төбеміз көкке жеткендей болады. Бұл үлкен спорт, сондықтан мұнда ерен еңбек, қатал тәртіп жатыр, аяқ асты жарақат алуда мүмкін, дегенімен жеңске жеткенде барлық қиындық артта қалады», - дейді Ү. Шаяхметова.
Каратэден әйелдер арасында 68 келі салмақта алтын алған Гузалия Гафурова спортшылар атынан сөз сөйлеп, өзінің ізгі тілегін білдірді.
«Мұндай жетістікке еліміздің, жанкүйерлеріміздің арқасында жеттік. Баршаңызға алғыс білдіремін, жеңісті күндеріміз көп болсын. Олимпиада төрінде көк туымыздың желбіреп, әнұранымыздың шырқалуына барымызды саламыз», -деді ол.
Джакартада грек-рим күресінен 67 келіде сынға түсіп, күміс медальді жеңіп алған Алмат Кебісбаев бұл ойында жаңа салмақта күрескенін айтады.
«Азия ойындарында биыл жаңа салмақта күрестім. Бұл бірінші жарысым емес, сондықтан өзімді жақсы сезіндім, жеңіске деген сенімділік болды. Бар мүмкіндігімді салдым, өз өнерімді көрсеттім. Бүгін міне Ұлттық олимпиада комитеті марапаттап жатыр, спортшылардың еңбегін бағалап жатқанына үлкен алғысымды айтқым келеді. Сондай-ақ қолдау көрсетіп жатқан барлық жанкүйерлерге рахмет айтамын», -дейді балуан.
Еске салсақ, Индонезияда өткен XVIII жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 76 медаль жеңіп алған, оның 15 алтын, 17 күміс, 44 қола алқа.