Петропавл бизнесмендері 3 млрд теңге салықтан жалтарған

Тергеу амалдары жүргізілуде.

Петропавлда жалған шот-фактуралар жазып берумен айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұрымжан Абатов мәлім етті.

«Бірнеше жыл бойы кәсіпкерлерге салық төлеуден жалтаруға мүмкіндік беріп келген қылмыстық топтың әрекетін әшкереледік. Олар жалған шот-фактураларды жасаумен айналысқан. Келген шығын сомасы болжам бойынша, 3 миллиард теңгеден асады», - деді Н. Абатов.

Департамент қызметкерлері қылмыстық топты ұстау бойынша бірқатар жедел тергеу шараларын өткізген. Нәтижесінде, уақытша ұстау абақтысына 2 адам - қылмысты ұйымдастырушы мен оны орындаушы жеткізілді. Кейін сот санкциясымен оларға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің үйлері мен кеңселерінен іске қатысы бар ноутбуктар, жүйелік блоктар, принтерлер, флэш-жинақтаушылар, электронды сандық қолтаңбалар кілттері, мөр мен штамптар, ақша мен басқа да құралдар табылды.

Тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, биыл Солтүстік Қазақстан облысының салық саласында 26 қылмыс тіркеліп, оның екеуі сотқа жөнелтілді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: