Бүгін ҚР Парламенті Мəжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу жөніндегі шартты ратификациялау туралы" ҚР Заңының жобасы қаралып, депутаттар аталған заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
"2001 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасы туралы шарт шекараны шегендеудің құқықтық негізі болып табылады. Бұл шарт 2003 жылғы 2 шілдедегі ҚР заңымен ратификацияланды жəне 2008 жылғы 5 тамызда күшіне енді. Шекараны шегендеу туралы шарт 2017 жылғы 25 желтоқсанда Астанада Қырғыз Республикасы мемлекет басшысының Қазақстанға ресми сапары шеңберінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жəне Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков қол қойды", - деді ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді.
Оның айтуынша, шарттың басты мақсаты - Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара сызығын халықаралық құқықтық бекіту. Шекараны шегендеу нәтижесінде мемлекеттік шекара сызығының ұзындығы 1257,07 шақырымды құрады. Шекара сызығында 1055 шекаралық бағана орнатылды.