1 қарашаға дейін салық төлемегендердің ісі сотқа жіберіледі

Бүгінде тек Медеу ауданының өзінде 4 765 жеке тұлға 1 АЕК-тен (2 405 теңге) асатын мүлік пен жер салығына жалпы алғанда 191 млн теңге қарыз.

Алматы мемлекеттік кірістер департаменті салық төлемеген борышкерлердің ісін сотқа жібере бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Медеу ауданы мемлекеттік кірістер басқармасы мүлік салығы мен жер салығы бойынша қарыздарды өтеу жұмыстары жүріп жатыр.

Бүгінде тек Медеу ауданының өзінде 4 765 жеке тұлға 1 АЕК-тен (2 405 теңге) асатын мүлік пен жер салығына жалпы алғанда 191 млн теңге қарыз.

Бұл адамдар 2017 жылғы мүлік және жер салығын төлемеген.

Заңға сәйкес, салықты биыл 1 қазанға дейін төлеуі тиіс болатын. Алайда борышкерлер қарызды өтеуге асықпай отыр.

Биыл 1 қарашадан бастап 1 АЕК-тен астам салық берешегі бар тұлғалардың құжаттары тікелей атқарушы орган қызметкерлеріне беріледі.

Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың арқасында 2018 жылдан бастап салық органы берешекті өндіріп алу туралы ережелер енгізді. Осыған орай, материалдарды тікелей құқық қорғау органдарына тапсыру қолға алынады.

2018 жылға дейін бұл процесс сот органдары арқылы жүзеге асырылған. Сондықтан, іс ұзаққа созылып жүрді.

Құжат сот орындаушыларына тапсырылғаннан кейін банктегі шот тоқтатылып, мүлікке тыйым салынады және ҚР-нан тыс жерде жүруге шектеу қойылады.

Сондай-ақ, қарызы бар азамат берешек сомамен қоса, қарыздың 25 пайызын қоса төлейді. Бұл қаражат сот приставтары үшін алынады. Мәселен, салық берешегі 100 мың теңге болса, сот приставтарының қызметтері 25 мың теңге болады. Нəтижесінде борышкердің шығыны 125 мың теңгеге дейін артады. Ал ресми қайта қаржыландыру ставкасы төленбеген жағдайда, кешіктірілген әрбір күн үшін 1,25 есе мөлшерде өсім қосылып отырады.

Салық кодексі жаңарғалы бері мүлік, жер салығын және көлік құралдарына салық төлеу біршама жеңілдеді. Енді республиканың барлық салық органдары қазанның соңына дейін сенбі күндері сағат 10.00-14.00 аралығында түскі үзіліссіз жұмыс істейді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: