Жамбыл облысында 508 (358-балабақша, 150-шағын орталық) мектепке дейінгі білім мекемелерінде 53 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Бұл туралы "ZhambylNews" Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Қазақстан халқына жолдауында: "Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек" деген болатын. Елбасы Жолдауын іске асыру мақсатында облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі білім бөлімі Тараз қаласындағы №13 орта мектептің акт залында "Мектепке дейінгі білім берудің сапасын арттыру" тақырыбында облыс балабақшаларының меңгерушілерімен дөңгелек үстел отырысын өткізді.
Ұйымдастырылған жиынға білім бөлімдерінің әдіскерлері, облыстағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілері қатысты. Басқосуда балабақша меңгерушілері тақырып аясында баяндама оқып, тәжірибелерімен бөлісті.
Бүгінде мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытумен қамтылған 3-6 жастағы балалардың үлесі былтырғы жылмен салыстырғанда 90,2%-дан 97,1%-ға өсіп отыр. Жыл соңында 98% көтеріледі деп күтілуде. Облыстағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 26,2%-ы жекеменшік. Онда жалпы балалардың 25,2%-ы (13452 бала) қамтылған. Жыл басынан бері 3822 орындық 39 мектепке дейінгі ұйым ашылып, жыл соңына дейін 1882 орындық 23 ұйым ашу жоспарланған.
Сондай-ақ, биылғы жылы өңірдегі барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына балаларды қабылдау және жолдама берудің автоматтандырылған жүйесі енгізілді.
Елбасы өз Жолдауында мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың қауіпсіздігін сақтау мәселесіне де ерекше тоқталып өтті. Жолдауда жүктелген міндеттерді орындау макқсатында облыстағы 99,7% балабақша бейнебақылау камераларымен жабдықталған.
"Бейнебақылау камераларын тек кіреберіс дәліздерге ғана орнатып қоймай, алдағы уақытта камералар санын ұлғайту арқылы балалардың ойын және жатын бөлмелерін жабдықтау мәселесі басқарманың басты назарында",- деді облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі білім бөлімінің басшысы.
Жиын соңында жұмысты нәтижелі аяқтаған балабақша меңгерушілері алғыс хаттармен марапатталып, дөңгелек үстел концерттік бағдарламаға ұласты.