Тараз қаласында Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы "Өңірлік коммуникациялар қызметінің" ұйымдастыруымен "Жаңа медиа және болашақ" атты медиа форум өтті. Форум барысында спикерлер ақпарат берудегі жаңашылдық, әлеуметтік желі, аудиториямен жұмыс, сапалы контент қалыптастыру т.б тақырыптарда ой бөлісті, – деп хабарлайды Zakon.kz, “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап..
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған форум жұмысын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли ашып, сәттілік тіледі.
– Бүгінгі “Жаңа медиа және болашақ” атты медиа форумы Елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев жақында “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласын жариялаған болатын. Ондағы айтылған мәселелерді халыққа жеткізуде БАҚ рөлі зор. Егерде телевизия көрерменді таңғалдыра алмаса, газет, журнал оқырманды қызықтырмаса, онда бәсекелестік қабілеттің қоғамда төмен дегені. Бүгінгі форум ақпараты таратудың жаңа тәсілдері, әлемдік трендтегі тақырыптардан қалыс қалмау, көрермен мен оқырман тартудың жаңа жолдары айтылатын болады, – деді Ол.
Танымал блогер Өркен Кенжебек модераторлық еткен форумдағы алғашқы сөзді "Astana" телеарнасы "Біздің уақыт" бағдарламасының жүргізушісі Жайна Сламбек алды. Спикер "Ақпарат таратудағы басты қағидалар" тақырыбында әңгіме өрбітті.
– Ақпарат шынайы әрі объективті болуы керек. Бізде ақпарат таратылады. Шындыққа сай келеді бір қарағанда. Алайда, ақпарат беру формасы мен қабылдау реакциясы сәйкес келмейді. Неге? Өйткені, біз шарын үрлеп, бояуын қалыңдатып береміз. Жеткенін айтумен қатар жетпегенін де айту керек. Сыртқы фантигі әдемі, іші жүрек айнытар кәмпит жасамауға тырысу керек. Журналист адам жалпы массадан бір-екі қадам алда жүруі керек, – деді Жайна Сламбек.
Мұнан соң сөз алған "Egemen Qazaqstan" республикалық газеті бас редакторының орынбасары Қамбар Ахметов өз ойын жаңа медиа төңірегінде өрбітті. Басылымдағы жаңашылдық, газеттің танымалдығын арттыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Ал "Мінбер" журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы ақпараттық сауаттылық жайында сөз қозғады. Әсіресе, әлеуметтік желіде жалған ақпараттардың жиі тарайтынын, алайда сол ақпаратты талдай білу қажеттігін баса айтты. "Qazaqstan" телеарнасының жүргізушісі, "Біліммен бөліс" жобасының авторы Нұрмұхамед Байғара ақпарат таратуда алдымен аудиторияны зерттеу қажеттігіне тоқталды.
Сондай-ақ, форум барысында "Balapan" телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай, "Мінбер" журналистерді қолдау орталығындағы жаңа медианы және дата журналистиканы зерттеу тобының жетекшісі Асхат Еркімбай, "Jambyl" телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіхалық, "Baribar.kz" сайтының негізін қалаушы Ербол Серікбай, "Жамбыл-Тараз" газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, "77" телеарнасының директоры Зарина Қуатова өз ойларын ортаға салды. Форум соңы сұрақ-жауап пен семинар-тренингке ұласты.