Қазақстанда көмір бағасы арзандады

Коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік пен халыққа сатылатын көмірдің бағасы орта есеппен 15-20%-ға төмендеді.

Бүгін Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен жылу беру маусымының өтуі мәселесін қарау қорытындысы бойынша өткен Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстанда көмір бағасы арзандағанын атап өтті, деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі.

Көмірмен қамтамасыз етуге қатысты ҚР ИДМ шұғыл деректеріне сәйкес, 20 желтоқсандағы жағдай бойынша, биыл жыл басынан бері еліміздің көмір өндіруші компаниялары 109,2 млн тонна көмір өндірген. Энергия өндіруші кәсіпорындарға 56,4 млн тонна көмір жөнелтілді. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа 12,4 млн тонна көмір жөнелтілді. 27,7 млн тонна көмір экспортталды. 2018 жылдың соңына дейін көмір өндіру көлемі шамамен 112 млн тонна болады деп күтілуде. Биыл жылыту маусымы басталғаннан бері (1 мамырдан 20 желтоқсан аралығында) теміржол көлігімен 46,8 млн тонна көмір тасымалданды.

Айта кету керек, 2018-2019 жылдардағы кезеңінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа көмір өнімдерінің жоспарлы қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жүргізілетін мониторинг инвестициялар және даму, энергетика министрліктерінің бірлескен бұйрықтары аясында жалғасып жатыр.

Бүгінгі таңда жылдық жоспарға қатысты алғанда көмір қорларымен қамтылу деңгейі 93,2% құрайды. Барлық дерлік өңір халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторға көмір жеткізу кестесін уақытынан бұрын орындауда.

"Әкімдіктер мен көмір сатушылар арасында жасалған меморандумдар есебінен соңғы 4 аптада еліміздің барлық өңірінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік пен халыққа сатылатын көмірдің бағасы орта есеппен 15-20%-ға төмендеді", - деп хабарлады Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, ол жалпы 2018-2019 жылдардағы жылыту маусымының өтуі ҚР ИДМ-нің тұрақты бақылауына алынғанын атап өтті.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: