Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Армения Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Гагик Галачянмен кездесті. Бұл туралы zakon.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан мен Арменияны тарихи және мәдени қарым-қатынастар байланыстыратынын атап өтті. Елдеріміздің өзара жемісті ынтымақтастығы Еуразия экономикалық одағы, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, ТМД және басқа да интеграциялық бірлестіктер аясында жүзеге асып келеді.
Гүлшара Әбдіқалықова Г. Галачянды парламенттік сайлаудың сәтті өтуімен құттықтап, жаңадан сайланған Армения Парламентінің белсенді қызметі екі жақты серіктестіктің одан әрі нығая түсуіне оң ықпал ететініне сенім білдірді.
Г.Әбдіқалықова екі елдің еуразиялық интеграция аясындағы өзара ықпалдастығы экономикалық байланыстарды дамытуға септігін тигізетінін айтты. 2018 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы 10,4 миллион долларға жетіп, 19,5 пайызға өсті (экспорт – 4,9 млн доллар, импорт – 5,5 млн доллар).
– Қазақстан мен Армения қарым-қатынастарында біздің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыздың маңызы зор. Мәдени, ғылыми және спорттық іс-шаралар тұрақты өткізіліп, жастар және білім мекемелері арасында тығыз байланыс жолға қойылып келеді. Қазақстанда тұрып жатқан армян диаспорасы біздің мәдени-гуманитарлық қатынасымыздың дәнекері саналады, – деді Мемлекеттік хатшы.
Кездесу соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Армения Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Г.Галачянға екіжақты өзара ықпалдастықты одан әрі нығайту ісінде табыс тіледі.