Алматы облысында қарақшылықпен айналысқан топ ұсталды

Тапаншамен қаруланып, бетперде киген үшеу дүкендерді тонаған.

Үш адамнан құралған қылмыстық топ дүкендерге қарумен қарақшылық шабуылдар жасаған. Қазіргі таңда ұсталған күдіктілер Қапшағай қаласында жасалған төрт қарақшылық әрекетке қатысы бар деген күдікке ілініп отыр, деп хабарлайды Zakon.kz Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қаңтар айының басында Қапшағай қаласының полициясына белгісіз тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттерінен зардап шеккен жеке дүкен иелерінің арыздары түсті. Зардап шеккен кәсіпкерлер берген мәліметке сәйкес, тапаншамен қаруланып, бетперде киген белгісіз біреулер кеш мезгілінде дүкенге кіріп, қарумен қорқыту арқылы барлық қаржыны алып кеткен. Қылмыстардың өзара ұқсастығын ескере отырып, тәртіп сақшылары бұл қарақшылық шабуылдарды бір қылмыстық топ жасауы мүмкін деген болжам жасайды.

"Ең тәжірибелі қызметкерлерден құрылған жедел-тергеу тобы қарақшылыққа қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша тиісті шараларды қабылдап, нәтижесінде қылмыс жасады деген күдікке ілінген жергілікті үш тұрғынды құрықтады. Қазіргі уақытта олардың екеуі қамаққа алынды"- деп хабарлайды Қапшағай қаласы Полиция бөлімінің бастығы Эльдар Абдикенов.

Іс-шара барысында күдіктілерден қылмыс жасағанда пайдаланылуы мүмкін тапанша және өзге жеке заттар тәркіленіп, олар іс материалдарына айғақ зат ретінде тіркелді.

"Бұл іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілерден тәркіленген қару сараптамаға жіберілді. Ұсталғандардың өңірде орын алған осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысының бары анықталуда",-деп атап өтті полиция өкілі.

Айта кетейік, облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, ұсталған күдіктілердің біреуі кәмелеттік жасқа толмауына байланысты ешқайда кетпеу туралы қолхатпен ата-анасына тапсырылған. Қарақшылық дерегіне қатысты іс Қапшағай қаласы полициясының өндірісінде.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: