23-27 қаңтар күндері аралығында Алматы облысының аумағында полиция қызметкерлері "Профилактика" жедел алдын алу іс-шарасын жүргізіп, медициналық айықтырғышқа 178 құқық бұзушыны жеткізген, деп хабарлайды Zakon.kz.
Алматы облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған іс-шара алкогольдік ішімдікке мас күйде жүру, отбасылық-тұрмыстық сала мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында өткізілген.
Сонымен қатар, іс-шара кезінде тұрақты мекен-жайы анықталмаған 110 адам оқшаулау орталықтарына жеткізілді. ҚР ӘҚБк-нің 132 және 442-баптарына сәйкес кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде көңіл көтеруіне жол берген он мекеме жауапкершілікке тартылып, заңды өкілінсіз жүрген 254 жасөспірімнің ата-аналары мен заңды өкілдеріне әкімшілік айыппұлдар салынды.
"Профилактика" жедел алдын алу іс-шарасы барысында облыс аумағында 1916 әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тәртіп сақшылары тиісті шаралар қабылдады",- деп толықтырды баспасөз қызметінде.
Айта кеткен жөн, бұған дейін Алматы облысы аумағында жүргізілген осы сияқты жедел алдын алу іс-шарасының барысында 3 күннің қорытындысы бойынша түнде жалғыз жүрген 155 бала анықталған болатын.