Алматы облысының полицейлері мал ұрлығын кәсіп қылған барымташылар тобы мен ұрланған малды сатып алушыларды анықтап, ұстады. Бұл туралы Zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қылмыстық топтың құрамында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім де бар. 4 ауылдас жымысқы әрекеттерін жүзеге асыру мақсатында бас қосып, ұзақ уақыт бойы Еңбекшіқазақ ауданының аумағында мал ұрлығымен айналысып келген.
Ведомстваның мәліметінше, тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындардың малын жетектеп кетіп отырған 19-20 жас аралығындағы ұрыларды құрықтап қана қоймай, сондай-ақ қолды болған малды сатып алушыларды да анықтады. Тексеру барысында сатып алушылардың қорасынан ұрланған малдың жартысы табылды.
"Қылмыстық жолмен табылған малды сатып алушылардың қорасынан табылған малдар заңды иелеріне қайтарылды. Оның ішінде, бұған дейін бөтеннің жетегінде кеткен бұқалар, сиырлар мен жылқылар бар. Шелек полиция бөлімінің қызметкерлері өзге де жоғалған малды іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Төрт күдіктінің екеуі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Сонымен қатар, көрінеу қылмыстық жолмен табылған малды сатып алушылар да ҚР Қылмыстық кодексінің 196-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады",- деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
2018 жылғы мамырдан биылғы қаңтарға дейінгі аралықта Еңбекшіқазақ ауданында 86 бас мал қолды болған. Осындай 8 ұрлыққа аталған қылмыстық топ мүшелерінің қатысы бар екені дәлелденді. Ұрлық бойынша зардап шеккен негізінен, Сөгеті ауылының тұрғындары. Зәбір көрген азаматтарға келтірілген материалдық шығынндың көлемі бірнеше миллионды құрап отыр.
"Күдіктілердің бірі өз сөзінде ұрланған малды сатып, оның қаржысын оқуының төлемақысына бергенін айтты. Екіншісі БМВ маркалы автокөлігін сатып алғанын мойындады. Аталған көлік тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді. Тәртіп сақшылары ұсталған күдіктілердің өңірдегі өзге де қылмыстарға қатысы барын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр",- деп толықтырды баспасөз қызметі.