Балалардың ағзасынан адамның ойына келмейтін түрлі заттар алынып жатады. Шымкентте 6 айлық сәби телефон құрылғысын жұтып қойып, жұрттың жағасын ұстатты. Бөгде зат шақалақтың ағзасында бір апта жатқан. Бұл туралы Zakon.kz жергілікті otyrar.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Алты айлық сәбидің телефон қуаттағыш құрылғысын жұтып қойғанын ата-анасы бірден байқамаған. Тек арада бір апта өтіп, денсаулығы сыр берген соң жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға әкелген. №1 клиникалық балалар ауруханасындағы дәрігерлер баланы шұғыл түрде тексеріп, рентгенге түсіру кезінде асқазанында бөгде зат бар екенін анықтапты.
Әкім Түлкібаев, №1 қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігері:
"Біз алты айлық сәбидің асқазанындағы бөгде затты гастраскоптың көмегімен алып шықтық. Баланың асқазанынан шыққан зат телефон қуаттағышының құрылғысы екені анықталды. Сәби хирургия бөлімінде ем қабылдап шықты".
Ал мына бір жасар баланың ағзасынан анасының сырғасы шығыпты. Анасы бірден ауруханаға әкеліп, дәрігерлер екі сағаттың ішінде сырғаны сыртқа шығарып беріпті. Баланың анасы болса "ойнап жатып сырғаны бірден жұтып қойды" деп отыр.
Дәрігерлер кішкентай балалардың асқазанынан 100, 50, 20, 10 теңге сияқты түрлі тиындарды да алып шыққан.
Ақ халаттылардың айтуынша, балалардың ағзасынан адамның ойына келмейтін түрлі заттар алынып жатады. Бөгде заттар баланың ағзасына көбінесе құлақ, мұрын, ауыз арқылы түседі. Тыныс алу жолдары арқылы кірген зат мұрын ішінде, кеңірдекте, өкпе тінінде тұрып қалуы мүмкін.
Ең қауіпті жер – көмей мен кеңірдек. Тез арада медициналық көмек көрсетілмесе, балаға ауа жетпей 1-2 минут өтпей-ақ көз жұмуы мүмкін. Соңғы бір жылдың ішінде дәрігерлер бөгде заттарды жұтып қойған 300-ге жуық балаға көмек көрсеткен.