Түркістан облысында полиция қызметкерлері өз өзіне қол жұмсап, мерт бола жаздаған келіншекті өлім аузынан арашалап қалды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Түркістан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жетісай АПБ-нің кезекші бөліміне куәгер қоңырау шалып, бейтаныс әйелдің өз өзіне қол жұмсамақ ниетте көпірден секірмекші болып тұрғаны жайлы хабарлаған.
"Оқиға орнына дереу Жетісай АПБ ЖПҚ-нің патрульдік полициясының автоэкипажы жөнелтіледі. Аталған орынға жеткен полицейлер көпірден секіру арқылы өзіне қол жұмсамақшы болған жас келіншекті көреді. Уақыт создырмай жол-патрульдік полиция қызметкерлері, полиция аға сержанты Е.Бердібеков пен полиция сержанты Т.Бейсенбаев шұғыл әрекет етіп, келіншекті аман алып қалуға көмекке ұмтылып, суицидтен құтқарды", - деп хабарлап отыр ведомство өкілдері.
Тәртіп сақшылары келіншектің Жетісай ауданының тұрғыны екенін анықтады. Әйел адамның айтуынша, оның суицидке баруына отбасылық жағдайы себеп болған. Полицейлер келіншекпен әңгіме жүргізіп, қажетті көмекті көрсеткен соң, туған туыстарына тапсырды.
Жетісай АПБ басшылығы полиция қызметкерлеріне жергілікті тұрғынды құтқару кезінде кәсіби біліктілік пен қырағылық танытқаны үшін алғыс білдірді.