Маңғыстау облысында "Қазтрансойл" АҚ мұнай құбыры мен тіркелмеген ұңғымалардан мұнай ұрлау жүйесін қалыптастырған қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды Zakon.kz жергілікті "Тумба" баспасына сілтеме жасап.
Қазір кем дегенде күдікті он адамның аты аталып отыр.
Арнайы операцияны 11-ақпан күні Маңғыстау облысы бойынша ҰҚКД мен МКД ЭТҚ қызметкерлері жүргізген. Күштік құрылымдар қылмыстық топтың мүшлерін, сондай ақ шетелге жөнелтуге дайын тұрған мұнай тиелген темір жол цистерналарын ұстады. Және цистерналы тіркемелері бар жүк көліктері тәркіленген.
Жүргізілген кешенді жедел іздестіру шаралары шикізатты ұрлауда қолданылған қылмыстық жүйені әшкерелеуге мүмкіндік берді. ҰҚТ мүшелері "Қазтрансойл" АҚ мұнай құбырларын тесу арқылы ұзақ уақыт бойы мұнай ұрлаумен айналысқан. Салдарынан жүздеген тонна мұнай қолды болған.
Ұрланған қара алтын жалған құжаттар арқылы жақын шет елдерге жөнелтіліп келген. Бұдан бөлек, мұнай құбырларының физикалық және қолданыс сипаттары бұзылған. Оларды қайта қалпына келтіру үшін ондаған миллион қаражат қажет.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 188 "Ұрлық" бабы және ҚР ҚК 197 "Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау, алу, өткізу, сақтау, сонымен қатар мұнайдың шығу негізін дәлелдейтін құжаттарсыз оларды өңдеу" бабы бойынша сот алды тергеу жүріп жатыр.
Мамандардың айтуынша, егер күштік құрылымдардың дер кезінде жасаған әрекеттері болмағанда, қылмыстық топтың оңай олжаға деген ниеттері технологиялық апатқа әкеп соқтырары сөзсіз.
- Қазіргі таңда жедел тергеу шаралары жалғасып жатыр, солардың нәтижесінде іс материалдары сотқа жөнелтілетін болады, - деді дереккөз.