Астана - Ташкент автобус бағыты ашылды

Автобус осы аралықты шашамен 28 сағатта жүріп өтеді.

Астанадан Ташкентке автобуспен де баруға болады, деп хабарлайды Zakon.kz "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Өйткені осы аптадан бастап екі ел арасында халықаралық бағыттағы қоғамдық көлік жүре бастады. Қос ел астанасының ара қашықтығы 1 мың 646 шақырымды құрайды. Автобус осы аралықты шашамен 28 сағатта жүріп өтеді. Бағасы – 37 доллар. Қазақстандық тасымалдаушы компания алғашқы рейс жолаушыларына жеңілдік жасапты. Халықаралық бағыттағы қоғамдық көлік қос тараптан әзірге күніне бір рет қана жүріп жатыр. Болашақта сұранысқа қарай рейс кестесін жиілетпек. Жалпы бұл екі ел арасындағы жетінші автобус бағыты болып отыр. Қазір Алматы, Шымкент, Түркістан мен Қызылорда облысына жолаушылар көлігі тұрақты жүреді. Қос ел басшысының ортақ келісімі аясында ашылған автобус жолаушыларына шекарада да көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Бұл туризм мен барыс-келістің жақсаруына негіз болмақ.

Суннатулла Абдукасимов, жолаушы:

– Қос ел астанасын байланыстыратын көлік бағытының ашылғанына қуаныштымын. Халықаралық бағыттағы автобуспен кеденнен өту де қолайлы. Оған қоса шекарада жасыл дәлізді пайдалануға болады.

Датқа Әбжаппаров, қазақстандық тасымалдаушы компаниясының өкілі:

– Алғашында автобус күн сайын жүреді. Жолаушылар көп болып, сұраныс артып жатса, кестені күніне төрт ретке дейін жиілетуге болады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: