Бүгін, 23 сәуір күні, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин "Nur Otan" партиясының кезектен тыс съезінде Қазақстан Республикасы Президенттігіне Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсыну туралы қабылданған шешім жан-жақты ойланған, еліміз үшін де, халқымыз үшін де, өте дұрыс шешім деп есептейтінін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанымыз тәуелсіздік алған күннен бастап, Елбасының қасында жүріп, көптеген лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды, - деп атап өтті Мәжіліс Спикері.
Нығматулиннің айтуынша, Тоқаев осы жылдар аралығында Елбасының жанында болып, аса маңызды мемлекеттік бағдарламаларды дайындап және оны жүзеге асыруға атсалысты.
- Сонымен бірге, еліміздің ішкі және сыртқы саясатын өте жақсы біледі, сондықтан, өзінің алдағы жұмысында, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси бағытын одан әрі тиімді жалғастырып, еліміздің дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз, - деді Н. Нығматулин.