Бүгін, 26 сәуір күні, Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжіліс Бюросы өтті. Онда 30 сәуір мен 7 мамыр аралығында депутаттардың аймақтарға сапары туралы мәселе қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz Мәжілістің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, депутаттардың халықпен кездесулерінде бірінші кезекте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бастамаларының жүзеге асырылу барысы, оның ішінде, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларды қолдау шараларына ерекше көңіл бөлінеді.
Депутаттар кездесу барысында осы бағытта қабылданған заңнамалық құжаттармен қатар, жалпы заңшығарушылық жұмыстар жөнінде баяндайды.
Халық қалаулылары өндіріс орындарында, ауылшаруашылық және әлеуметтік нысандарда болып еңбек ұжымдарымен және жастармен кездеседі, сондай-ақ азаматтардың қоғамдық қабылдауын өткізеді деп жоспарлануда.
Мәжіліс депутаттарының халықпен кездесуі облыс, аудан орталықтарымен қатар шалғайдағы елді мекендерді де қамтитын болады.