Арыс тұрғындарының талаптары шектен шығып бара ма

Желіде көшеге шыққан халықтың талаптарын тым артық деп санайтындар бар.

Арыста жағдай қиын. Бір аптаның ішінде Шымкент түбіндегі шағын қала түгі қалмай қирады. Барша Қазақстаннан көмек келсе де, ол да аз болып отыр. Бұл әділетті ме?

Арыстағы алғашқы жарылыстан бері төрт күн өтті. Халық түгелдей көшірілді, қауіпті снарядтар тазалануда. Тұрғындар арнайы ұйымдастырылған орындарға орналастырылды. Бірақ 27 маусымда бұған көңілі көншімеген арыстықтар митингке шықты. Олар Шымкентте жолды жауып тастады. Талабы біреу – Арыстан басқа қалаға көшіру. Басқа кез-келген қала емес бірақ, ел астанасына, Алматы немесе Шымкентте көшіруді сұрайды. Олар ірі қалалардан жер сұрауда.

Митингке шыққандар алдына барған Шымкент әкімі қазір қаладан тегін үй бере алмайтынын айтты.

- Шымкенттен үй сұрайсыздар. 130 мың адам, оның ішінде табысы төмен мүгедектер де үйдің кезегінде тұр. Мен оларға не деймін? "Сендерге бермеймін, Арыс тұрғындарына беремін деуім керек пе?" Олар да адам ғой... Арыс – жақсы қала, станция. Экономикасы әлі дамиды. Ертең-ақ ол жерде ешқандай оқ дәрі болмайды. Жаңа үйлер салынып, жаңа жолдар салынады, - деді Шымкент әкімі Ғабидулла Әбдірахымов.

40 мыңдық Арыс тұрғындарына бүкіл ел болып көмек көрсетілді.

Бір күндік жалақысын аударған ұйымдар мен мекемелер мынау:

- бірқатар министрліктің қызметкерлері;

- ҚР Парламенті Сенатының депутаттары;

- ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары;

- Алматының әскерилері;

- әкімдік қызметкерлері;

- театр әртістері мен қызметкерлері;

- Zakon.kz ұжымы;

- "Еуразия" Бірінші арнасының ұжымы.

Сондай-ақ, көмек көрсетіп жатқандар арасында:

- Болат Өтемұратов қоры;

- мемлекеттік қызмет көрсету пункті мен психологтер көмегі ұйымдастырылды;

- Алматының 11 құрылыс базары мен дүкендері 30 млн теңгенің 60 тонна болатын құрылыс заттарын жөнелтті;

- газ саласындағы компаниялар 120 млн теңге аударды;

Балаларды Қазақстанның кейбір қалаларындағы лагерьлер қабылдады.

Сонымен бірге, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан тікелей көмек келді.

- 17 әкімдікке Арысты 17 сектор бойынша қалпына келтіру туралы тапсырмалар берілді. Әр ауданнан 10 бригададан, жалпы саны 1500 адам келеді. Әкімдіктердің өкілдері өз секторларын аралап, жұмысқа кірісіп кетті, - деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Бұл – Арысқа бағытталған көмек пен қолдаудың бір бөлігі ғана. Президент қала толық салынып, қалпына келтірілетініне уәде берді. Бірақ бұл да аз болып отыр.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: