Көпбалалы отбасылардың балаларына берілетін 5 мың грант конкурсы 5-10 тамыз аралығында өтеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«5000 грант көпбалалы және әлеуметтік көмек алатын отбасыдан шыққан балаларға тағайындалады. Грант қаражаты трансферт арқылы жергілікті әкімдіктерге беріледі. Олар өздерінің қажеттілігін ескере отырып, нақты мамандықтар тізбесін анықтап, конкурстық комиссия құрып, конкурс жүргізіп, грант береді. Жалпы, бұл тетік бүгінгі күні бар, заңнамаға енгізілген», - деді министр.
Оның айтуынша, конкурсқа қатысу үшін талапкер нысаналы топқа жатқанымен қатар, Ұлттық бірыңғай тестінің шекті баллын жинауы қажет. «Жалпы, осы грантқа ие болу үшін үміткерлер ең алдымен жылдағыдай негізгі 53 785 грантқа республикалық конкурсқа 21-31 шілде аралығында қатысып, бағын сынайды.
Сол жалпы конкурс бойынша грантқа ие болмаған көпбалалы отбасыдан шыққан және атаулы көмек алушылар санатындағы талапкерлер қосымша берілген 5 мың грантқа нысаналы гранттар алу үшін тамыздың 5-10 аралығындағы келесі конкурсқа тапсыру үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш бере алады. Бұл арада әкімдіктер гранттарды ҰБТ баллына және грант санына қарай тағайындайды және жеңімпаздардың тізімін жергілікті БАҚ-та жариялайды.
Барлық нысаналы грант иегерлеріне әдеттегідей 20 949 теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалады. Сонымен қатар, демалыс кезінде жылына 2 рет жол өтемақысы өтеледі», - деді Асхат Аймағамбетов.