ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барып, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мегаполисті дамыту бойынша қойған стартегиялық міндеттердің және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының іске асырылуымен танысты деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Zakon.kz.
Атап айтқанда, Асқар Мамин металлургия, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, көлік инфрақұрылымын дамыту салаларындағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді.
Үкімет басшысы Шымкент қаласындағы әуежайдың жаңа терминалының жобасымен танысты. Құрылыс жұмыстары осы жылдың шілде айында басталған, 2020 жылы мамыр айында аяқталады. Қала әкімдігінің мәліметтерінше, сыйымдылығы сағатына 400 жолаушы болатын терминалды пайдалануға беру жолаушылар ағымын 10 есеге арттырады.
ҚР Үкіметінің басшысы "Химфарм" зауытына барып, онда отандық фармацевтикалық индустрияның даму қарқынын тексерді. Кәсіпорында дәрі-дәрмектердің 71 түрі өндіріледі, бұл кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің аясында сатып алынатын дәрі-дәрмектердің жалпы көлемінің үштен бір бөлігінен астамын құрайды.
Кәсіпорынды аралаған Премьер-министр инъекциялық препараттар мен инфузиялық ерітінділерді өндіру бойынша цехтың жарақтандырылуын көрді, сондай-ақ "Модельдік цифрлық фабрикалар" жобасының аясында іске қосылған Цифрлық инженерлік және білім беру орталығының жұмысын бағалады. Қазіргі кезде халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеп тұрған фармацевтикалық өндірістерді жаңғырту бойынша 108 млн доллардан аса ірі инвестициялық жоба іске асырылуда.
Шымкент қаласы Қазақстанның ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі. Өңірде өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу мақсатында Асқар Мамин индустриялық-инновциялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған "Оңтүстік" индустриялық аймағы аумағындағы "Shymkent Temir" экспортқа бағытталған кәсіпорынға барды. Металлургия зауытының жобалық қуаттылығы - жылына 250 мың тонна болат қорытпасы.
Мұнда Маминге Түркістан облысындағы қуаттылығы жылына 1 млн тонна темір болатын тау-кен-металлургия кешені құрылысының жобасы таныстырылды. Атап айтқанда, тікелей қалпына келтірілетін темір өндіретін зауыт пен кен байыту фабрикасының құрылысы көзделген.
Өңір экономикасын дамытуда "қарапайым заттар экономикасына" ерекше рөл берілген. ҚР Үкіметінің басшысы "Рахат-Шымкент" ЖШС-ына барып, тамақ өнімдерінің өндіріс процесін көрді.
Заманауи жабдықтармен жарақталған фабрика жылына 24 мың тоннаға дейін 30 атау бойынша 4 түрлі кондитерлік өнімдер шығарады. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге 2020 жылы мармелад пен қантты печенье шығаратын жаңа желіні іске қосу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғаны туралы баяндалды.
Аралау қорытындысы бойынша ҚР Үкіметінің басшысы қала әкіміне Шымкент қаласы дамуының 2023 жылға дейінгі Кешенді жоспарын тиімді орындауды қамтамасыз ету бойынша барлық қажеті шараларды қабылдауды тапсырды. Инвестициялық жобаларды іске асыру, шығарылатын өнім номенклатурасын кеңейту және өндіріс көлемін ұлғайту бойынша бизнес-қауымдастықпен жұмысты жандандыру тапсырылды. Бұл өңірдің ЖӨӨ көлемін 2018 жылғы 2 трл-нан 2023 жылға қарай 3,5 трлн-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.