Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыста көлік апатына түскен 8 жасар баланың қайтыс болуына байланысты оның туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Өкінішке қарай, автокөлік қағып, ауыр жарақат алған арыстық бала елорда ауруханасында қайтыс болды. Ата-анасы мен туған-туыстарына көңіл айтамын. Иманды болсын!" деп жазды Президент Твиттерде 3 тамыз күні.
Айта кетсек, 24 маусымда Арыстағы қару қоймасы жарылып, адамдар жаппай қаладан қашқан. Сондай аласапыранда 8 жасар Аян Шәріпбекті көлік қағып кетіп, басы жарақаттанған еді. Оны 28 маусымда санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына шұғыл жеткізген. Дәрігерлер оған ота жасап, шетелден дәрігерлер шақыртқан.Бірақ, өкінішке қарай, ақ халаттылар баланың өміріне араша бола алмады.
"Бала 28 маусым күні Шымкент қаласынан елордаға жеткізілді. Ол ауыр жағдайда, түрлі дене жарақатымен келіп түсті. Баланы аман алып қалу үшін бар жағдай жасалып, мамандар жұмылдырылды. Отандық дәрігерлерден бөлек, арнайы Мәскеуден нейрохирург маман шақырылды. Осы уақытқа дейін тиісті ем-шарамен қатар, 25 шілде күні оның басына ота жасалды", - дейді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысы Әйгерім Лебаева.
Оның айтуынша, бала 2 тамызда таңертең шамамен сағат 09:00-де көз жұмған.