Үкімет басшысы Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақмола облысында болды. Сапар барысында Премьер-Министр келер жылы Көкшетауда өтетін Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық және агроөнеркәсіп кешенінің дамыту бойынша атқарылып жатқан шараларға назар аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкімет басшысы алдымен облыс орталығындағы іргелі кәсіпорындардың бірінен саналатын "Енки" кірпіш зауытында болды. Кірпіш зауыты 2010 жылдың желтоқсан айында Индустриаландыру картасы шеңберінде іске қосылған болатын. 2015 жылдың үшінші тоқсанында толық жобалық қуатында жұмыс істей бастады. Кәсіпорын жыл сайын 60 миллион данаға жуық кірпіш шығарады. Жоғары технологиялық Испания өндірісінің құрылғыларымен жабдықталған.
"Өткен жылы тауар өндіру көлемі 115,5 мың текше метрге жетіп, 2900 миллион теңгені құрады. 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында өндіріс көлемі жалпы құны 309,4 миллион теңге болатын 12,6 мың текше метрге жетті. Алдаға уақытта өнім көлемін бұдан әрі арттыруды көздеп отырмыз",–деді зауыт директоры Мырзабай Әбдіхалықов.
Бұдан соң Премьер-Министр Сарыарқа шағын ауданында болды. Бұл облыс орталығының іргесінен 2013 жылдан бастап бой көтеруде. Сол жылы жалпы көлемі 62 386,7 шаршы метрді құрайтын 1295 пәтерлік 33 көп қабатты тұрғын үй салынды. Одан бөлек 240 орындық балалар бақшасы салынып, пайдалануға берілсе, құны 1 миллиард 134 миллион теңге тұратын өрт сөндіру станциясы іске қосылды. 900 орындық ІТ мектеп-лицейі де осында. Сарыарқа шағын ауданы аз ғана жылдың ішінде көзтартарлық болып өсіп келеді. 2014 жылы 30 пәтерлік 5 үй бой көтерді.
Үстіміздегі жылы жалпы көлемі 13792,04 шаршы метрді құрайтын 245 пәтерлік 6 көп қабатты үйдің құрылысы аяқталып, 1 миллиард 599,1 миллион теңге қаржы игерілді. Қазіргі күні 5 көп қабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл тұрғын үйлер 2020 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылыс алаңын аралап көрген Премьер-Министр алдымен тұрғын үйлердің сапасына және құрылыс жұмыстарының уақтылы жүргізілуіне назар аударды. Болашақта тағы да 14 көп қабатты үй салынатын болады.
Бұдан бөлек, 120 орындық мектеп пен 280 орындық балалар бақшасының жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы келер жылы Көкшетауда Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы өтетін "Болашақ" сарайының құрылыс жобасымен танысты. Көктем шағын ауданында салынып жатқан нысанның жалпы аумағы жоба бойынша 7 гектарды құрайды. Екі блоктан тұратын нысанда интеллектуальды даму аймағы, спорт аймағы қарастырылған.
Аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың айтуынша, мәдени-көпшілік нысанның құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жүргізілуде. Нысанда 1000 адамға арналған көрермендер залы, оркестр залы, хореграфия, балет залы, 304 орындық банкет залы, 200 орындық конференц залы, пленарлық мәжіліс залы және VIP бөлмелер қарастырылған. Жобаның жалпы, құны 6,5 миллиард теңгені құрайды. Келер жылдың күзінде мұнда Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу жоспарланып отыр.
Премьер-Министр "Болашақ" сарайының жобасымен танысқаннан кейін төңірегін абаттандыруға көңіл бөлді. Әсіресе, дәл іргесіндегі Қопа көлінің жағалауын ретке келтіру тапсырылды. Бұдан бөлек, өңіраралық ынтымақтастық форумына келетін қонақтарды қабылдау мәселесі де назардан тыс қалмады. Осы ретте Көкшетау қаласының нақ орталығындағы "Достық", "Көкшетау" және "GreenWhich Hotel" қонақ үйлерінде болған Үкімет басшысы мұндағы қызмет көрсету сапасына және қонақ үйлердің жаңа заманғы жиһаздармен жабдықталуы қажет екендігін еске салды.
Сапар барысында Премьер-Министр республикалық маңыздағы Нұр-Сұлтан-Петропавл - тас жолының Көкшетау қаласынан шыға беріс тұсын, "Щучинск-Зеренді" тас жолын, Бұланды ауданындағы "Макинка құс фабрикасы" және "Журавлевка-1" серіктестігін көрді. Сондай-ақ, Бурабай ауданындағы ірі қара мал етін өңдеумен шұғылданатын «KazBeef» серіктестігінде болып, агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша атқарылып жатқан шараларға қанықты.