Американың Иран мен Венесуэлаға қарсы санкциялары Ресейдің шикі мұнайына деген сұранысты байқаусызда өсіріп жіберді, деп хабарлайды РИА Новости Bloomberg-ке сілтеме жасап.
Агенттіктің мәліметінше, 2018 жылдың қарашасынан 2019 жылдың шілдесіне дейін ресейлік мұнай компаниялары кем дегенде 905 миллион доллар көлемінде қосымша кіріс түсірген.
"Бұл есеп Urals маркасының Brent-пен салыстырмалы түрде баға айырмасы бойынша соңғы бес жылдағы орташа көрсеткішпен есептелген", - деп түсіндіреді Блумберг.
Санкциялар ОПЕК елдері мен олардың серіктестерінің мұнай өндірісі көлемін қысқартуға әкеп соғып, ол өз кезегінде Ресей мұнайына деген сұранысты арттырған.
Әдетте, Urals маркалы мұнай Brent-ке қарағанда үнемі жеңілдікпен сатылатын. Алайда, өткен жылдың қараша айынан бастап, АҚШ Иран шикізатын жаһандық сатып алуды шектеген кезде, жеңілдік жойылып, осы жылдың басында Urals премиуммен, яғни жоғары бағамен сауда жасай бастады.
2018 жылдың мамыр айында АҚШ біржақты тәртіпте ядролық келісімнен шығып, Иранға қарсы, оның ішінде екінші деңгейлі, яғни Тегеранмен жұмыс істейтін басқа елдерге қатысты санкция енгізді. Қытай, Үндістан, Италия, Греция, Жапония, Оңтүстік Корея, Тайвань және Түркия мұндай шектеуден қалыс қалды. Яғни, АҚШ бұл елдерге қарсы Иран мұнайын сатып алғаны үшін 2019 жылдың мамырына дейін санкция қолданбауға уәде берді. Алайда, содан кейін Ақ үй бұл жеңілдіктің мерзімін ұзартпады.
Сонымен қатар, қаңтар айының соңында АҚШ Венесуэланың ұлттық мұнай-газ компаниясына (PDVSA) қарсы санкция енгізді, компанияның юрисдикциясындағы активтері мен 7 миллиард доллар ақша бұғатталды, сонымен бірге олармен келісімшарт жасауға тыйым салынды. Ақ үйдің мәліметі бойынша, компания мұнай тасымалында бұл компания әлі 11 млрд доллар жоғалтуы мүмкін екен.