14 қыркүйекте таяуда елші қызметінен елге оралған Ермұхамед Ертісбаев пен қашқын саясаткер Мұхтар Әблязов арасында сөзтартыс өтті. Оны он-лайн алаңда "Политон" клубы жүргізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сөзтартыс барысында блиц-сауалдарға жауап берілді. Сондай сауалдың бірі - саяси тұтқын Мұхтар Жәкішев неге түрмеде отыр деген сипатта болып келеді.
Ермұхамет Ертісбаев:
- Оны мен саяси тұтқын деп санамаймын. Өйткені ол ешқандай партияда болған емес, сол секілді саяси науқандарға да қатыспаған. Ол жағы менің есімде жоқ. Ал ол не үшін түрмеде отыр дейсіздер ме? Әрине, Әблязов үшін. Өйткені оны Әблязов сомасы 400 млн доллар болатын күмәнді келісімшарттар жасауға тартып, басын бәлеге тықты. Қазір сот соның 257 млн долларын орнына қоюды талап етіп отыр одан. Бюджетке қойсын деп жатыр. Осындай үлкен сомада ақша ұрланған.
Әблязов - оның ең жақын досы. Төлеймін десе, ол баяғыда төлер еді ол ақшаны. Миллиардтаған ақшаны шетелге алып қашты. Бәрі біледі оны. БТА банктің кесірінен 7-8 млрд доллар көлемінде біздің мемлекетке орасан шығын келді. Ол ақшасын төлесе, баяғыда бостандыққа шығар еді...
Айта кетсек, Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамыр айында тұтқындалған болатын. Келесі жылы оны 14 жылға бас бостандығынын айыру туралы шешім шығарылды. Өткен жылы түрмедегі мерзімнің жартысынан көбі өтті. Осыған байланысты Жәкішев шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтініш білдірді. Алайда Семей қаласының соты оның өтінішін қанағаттандырмады.
Мұхтар Әблязов:
- Жәкішев менің досым ретінде түрмеде саяси тұтқында отыр. Иә, ол келісімшарт жүргізген. Менің және Назарбаевтың арасында. Оған мен "араға түспей-ақ қой" деп ескертіп айтқанмын. Ол Президентпен тікелей сөйлескен. Шынын айтқанда, ол құрбан болып отыр бұл арада. Ал Жәкішев ұрлады-мыс деп тағылған айып бойынша мемлекет дәлелдерді ел алдында жарияласын. Сот, бәрі жабық жағдайда өтіп жатыр. Ар жағында не болып жатқанын ешкім білмейді. Неге? Жәкішевке тағатын шын айып жоқ ол арада. Ол бекерден бекер мен үшін күйіп кетіп тұр.
Иә, ол ешқандай саяси партияға мүше болған емес. Бірақ ол - саясаткер Мұхтар Әблязовтың досы. Сондықтан ол саяси тұтқын саналады. БҰҰ-да мұны растап, оны босатуды бекерден бекер талап етіп отырмаған болар...